Өскеменде "Отан отбасынан басталады" фестивалі өтті

13 мая 2023, 7:20
Сейчас читают:

Қала тұрғындары 1993 жылы 15 мамырда БҰҰ Бас Ассамблеясы бекіткен Халықаралық Отбасы күнін атап өту үшін сол жағалаудағы саябаққа жиналды, деп хабарлайды YK-news.kz тілшісі.

13 мамырда тарихи-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай-қорықтың сол жағалау саябағының басты сахнасында концерттік бағдарлама өтті. Мерекелік бағдарлама алдында қала тұрғындарын Отбасы күнімен облыс әкімінің орынбасары Дархан Сапанов құттықтады. Концертке белгілі вокалистер: Вячеслав Ткач, Жанат Бисімбаев, Арника Байбусынова, Хадхан Манай және Нұргүл Қабдоллаева, сондай-ақ, қаланың ән және би ұжымдары өнер көрсетті.

Кейбір артистер сахнаға бүкіл отбасылық ансамбльдермен шықты. Хамитовтар, Төрехановтар, Еркіновтар мен Хадхановтар отбасылары бірге ән шырқады. Аталған отбасылардың үлкендері ғана емес, сонымен қатар өсіп келе жатқан жас ұрпағы да тамаша өнер көрсетті. Домбырашылар дуэті, Естай Матабаев пен оның қызы Айназ Құрманғазының әйгілі "Балбырауын" күйін орындады. Сахнада Лымарь отбасының өкілдері топтық би биледі.

— Бүгін біз мерекеге отбасымызбен келдік, — деп атап өтті Мунира есімді көрермен. — Және де еш өкінбедік. Танымал әртістеріміз отбасыларымен бірге өнер көрсетуге шығып, ең кішкентайларына дейін ата-аналарына ілесіп ән айтқан кезде ерекше әсерлі көрініс болды. Олардың сезімдері сахнадан төгіліп, ал біз бойымызға сіңіріп тұрдық деуге болады. Қаламызда осындай іс-шаралар көп болғанын қалаймын.

Концертпен бір мезгілде этноауылдың үлкен алаңында Өскемен қаласының дене шынықтыру, спорт және туризм бөлімі мен Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ ұйымдастырған көңілді спорттық жарыстар өтті.

— Жарысқа Өскемен қаласының жастары мен қонақтарымыз, Алматыдан келген футбол командасы қатысты, — деді бөлім басшысы Ербол Қоңыратов. — Барлығы он адамнан тұратын үш команда қатысты — "Ең мықты", "Ең епті" және "Ең жылдам". Соңғы аталған команда бірінші, қалған екі команда, сәйкесінше,  екінші және үшінші орындарды иеленді. Жеңілгендер жоқ.

Балалар бес байқауда бақ сынасты, олардың арасында жылдамдық, дәлдік, ептілік сынақтары, сондай-ақ капитан конкурсы және арқан тарту сайысы болды. Барлық қатысушылар бағалы сыйлықтарға ие болды: шахмат пен тоғызқұмалақ ойнауға арналған жиынтықтар, сондай-ақ футбол доптары.

Бұл күні алаңда қолөнершілер жәрмеңкесі де өткізіліп, қолөнер шеберлері мереке қонақтарына қолдан жасалған ойыншықтар мен кәдесыйлар ұсынды.

— Мен өзіме үкі тәріздес тұмар сатып алдым, — деп бөлісті жәрмеңкеге келуші Алиса. — Үкі — даналықтың символы, сондықтан ол маған ЖОО-ға түсуге көмектеседі деп үміттенемін.

Көрме павильондарының бірінде "Жұлдыз" өнер мектебінің көркемсурет бөлімінің тәрбиеленушілері салған картиналар көрмесі ұсынылды.

— Мұнда түлектеріміздің дипломдық жұмыстары ұсынылды, — деп түсіндірді мектеп оқытушысы Елена Романова. — Олардың барлығы акрил бояуларымен жасалған және барлығы бір - "Отбасы. Махаббат. Отан" тақырыбында. Балалар кескіндеменің әртүрлі әдістерін қолданып, бар күш-жігерлерін салды. Мұндай жұмыс, әрине, бір сәтте жасалмайды, бір жыл бойы ойластырылып, салынады. Тақырыпты таңдағаннан кейін жас суретші алдымен эскизді қарындашпен, кейін сынақ жұмысын шағын форматта тапсырып, содан кейін ғана негізгі кенепке кіріседі. Сонымен, сіз көріп отырған жұмыстар - бұл үлкен таланттың ғана емес, сонымен бірге қажырлы еңбектің де нәтижесі.

Тұнжыраған күн райына қарамастан, мерекелік іс-шараға қатысушылар да, қала тұрғындары да уақытарын жақсы өткізді. Ал ауқаттанғысы келгендері бақтағы жазғы кафелер мен шашлык әзірленетін орындардан өздеріне ұнайтын дәмдерін таба алды.

Мира Круль
Фото автордікі және Ирина Плотникованікі

Нравится
Смешно
Вау!
Печалька
Кошмарно
Не нравится

Также читайте