Идеядан нақты жобаға: Oskemen Hub-та IDEA BATTLE: IDEAS FOR THE FUTURE өтті

час назад
Сейчас читают:
Идеядан нақты жобаға: Oskemen Hub-та IDEA BATTLE: IDEAS FOR THE FUTURE өтті Идеядан нақты жобаға: Oskemen Hub-та IDEA BATTLE: IDEAS FOR THE FUTURE өтті
Идеядан нақты жобаға: Oskemen Hub-та IDEA BATTLE: IDEAS FOR THE FUTURE өтті

Батыл идеяны қалай жұмыс істейтін цифрлық өнімге айналдыруға болады? Бұл сұраққа жауапты Oskemen Hub-та өткен IDEA BATTLE: IDEAS FOR THE FUTURE қатысушылары іздеді. Іс-шара өз жобаларын таныстыруға және 450 000 теңге көлеміндегі жүлде қорын сарапқа салуға дайын жас әзірлеушілерді, бастаушы кәсіпкерлер мен жаңашылдарды біріктірді.

Oskemen Hub алаңында білім беру, бизнес, қалалық орта, экология және қауіпсіздік салаларын дамытуға бағытталған тың идеялар ұсынылды. Қатысушылар өз жобаларын қазылар алқасының алдында таныстырып, әзірлемелерінің мүмкіндіктерін көрсетті және сарапшылардан кәсіби кері байланыс алды.

Ұсынылған жобалардың қатарында оқушыларға арналған білім беру мүмкіндіктерін іздеуге көмектесетін цифрлық платформалар, интерактивті оқыту сервистері, балаларға арналған экологиялық ойындар, бизнесті автоматтандыру құралдары, жүргізушілердің жағдайын бақылау жүйелері және телефон алаяқтығына қарсы технологиялық шешімдер болды. Әсіресе, жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып, күнделікті мәселелерді шешуге бағытталған жобалар ерекше назар аудартты.

Жобалардың таныстырылымы мен бағалау қорытындысы бойынша қазылар алқасы үздік үш команданы анықтады.

Бірінші орын — Arrakis

200 000 теңге.

Команда құрамында Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің Жоғары IT колледжінің студенттері болды. Жеңімпаздар интерактивті сабақтарды әзірлеу мен өткізуді жеңілдететін білім беру веб-платформасын ұсынды. Платформа арқылы оқытушылар тапсырмаларды өз бетінше құрастырып, жариялап, оқушылардың нәтижелерін бақылай алады. Жүйе жауаптарды автоматты түрде тексеріп, ұпай есептейді және оқу үлгерімі бойынша статистика қалыптастырады. Бұл білім беру үдерісін ыңғайлы әрі заманауи етуге мүмкіндік береді.

Екінші орын — АСЫ

150 000 теңге.

Команда Tomorrow School білім беру бағдарламасының қатысушыларынан құралды. Олар 7–10 жас аралығындағы балаларға арналған ойын платформасын әзірледі. Жоба ойын-сауық пен экологиялық білім беруді ұштастырады. Ойын кейіпкерлерімен бірге балалар 100 ізгі тапсырманы орындап, зейіндерін дамытады және ғаламшардағы жасыл бақтарды қалпына келтіруге көмектеседі. Жоба жас ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған тың шешім ұсынады.

Үшінші орын — Tovarishetvo.Alexandra

100 000 теңге.

Команда құрамында Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің Жоғары IT колледжінің студенттері болды. Қатысушылардың жобасы телефон алаяқтығымен күресуге бағытталған. Олар жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін, алаяқтардың қоңырауларына жауап беріп, олардың уақытын алатын телефон ботын таныстырды. Жүйе Валентина Петровна есімді ақкөңіл әженің бейнесін пайдаланып, алаяқтармен әңгімелеседі. Осылайша, азаматтарды телефон арқылы жасалатын алаяқтықтан қорғауға үлес қосады.

Ақшалай сыйлықтардан бөлек, барлық қатысушылар Oskemen Hub брендтік мерчіне ие болды. Әрбір ұсынылған жоба авторларға өздерін танытуға, идеяларының әлеуетін бағалауға және әрі қарай даму бағыттарын анықтауға мүмкіндік берді.

IDEA BATTLE: IDEAS FOR THE FUTURE инновацияның бастауы идея екенін, ал оны нақты іске айналдыратын әрекет екенін тағы бір мәрте көрсетті. Мұндай алаңдар жас таланттарға өз әзірлемелерін таныстырып қана қоймай, пікірлестерін табуға, сарапшылардың қолдауына ие болуға және өз жобаларын жүзеге асыру жолында алғашқы қадам жасауға мүмкіндік береді.

Іс-шараны Oskemen Hub Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі және Шығыс Қазақстан облысының цифрландыру және архивтер басқармасымен бірлесіп ұйымдастырды.

Нравится
Смешно
Вау!
Печалька
Кошмарно
Не нравится

Также читайте