Кене энцефалитінің алдын алу
Күн жылынып, көктем – жаз мезгілінде адамдар қала сыртына шығып, табиғат аясында демалып, қыдыруды ұнатады. Дегенмен, табиғат аясында кене шағуы да мүмкін екендігін естен шығармаған жөн. Сондықтан сақ болыңыздар!!! Кенелер денеге қадалып қан сорған кезде көптеген кене жұқпаларының (кене энцефалиті, кене риккетсиозы, иксодтық кене боррелиозы немесе Лайм ауруы) қоздырғыштарын тарататыны қауіпті. Соның ішінде ең қауіптісі кене энцефалиті болып табылады.
Кене энцефалиті – жіті, табиғи ошақтық, жұқпалы ауру, науқастың орталық жүйке жүйесi зақымдалады, сал ауруына шалдығып, мүгедектікке ұшырайды, асқынған жағдайларда адам өліп те кетіуі мүмкін.
2024 жылдың қорытындысы бойынша Өскемен қаласында кене энцефалитінің 3 жағдайы тіркелген, ал 2023 жылы 4 адам сырқаттанды. Эпидемиологиялық тергеп-тексеру нәтижесі бойынша науқастарды кене шағып, аурушаңдық қоздырғышын Катон –Қарағай ауданы Бекалқа ауылында, Өскемен қаласының Понтон көпірі маңайында, Аблакетка кентіндегі ГЭС (Коровий аралы) маңайында жұқтырғаны анықталды.
Естеріңізге саламыз: Шығыс Қазақстан облысында кене энцефалитінің табиғи ошағы 9 қала мен ауданның аумағын қамтиды: олар Глубокое, Алтай, Катонқарағай, Самар, Үлкен-Нарын, Ұлан, Шемонаиха аудандары мен Риддер және Өскемен қалаларының маңайы.
Кене энцефалитінің вирусын жұқтыру қауіпі адамдардың жас мөлшері мен жынысына қарамастан, бәріне бірдей төнеді. Әсіресе орманды жерлерде жұмыс істейтін қызмет иелеріне: леспромхоз және лесхоз жұмысшыларына, демалыс үйлерінің қызметкерлеріне, автокөлік және темір жол құрылысшыларына, аңшыларға және т.б., сондай-ақ, кене энцефалиті бойынша қолайсыз аумақтарға барған адамдарға да қауіп төнеді.
Кене шаққанда вирус қан арқылы ағзаға таралып, адамның миы мен жұлынын зақымдайды. Ауру кене шаққаннан соң, бірден басталмайды, аурудың айқын белгілері білінгенге дейін, әдетте біраз уақыт өтеді, осы кезде ағзада вирус дамып, көбейеді, бұл аурудың жасырын кезеңі деп аталады, ол 7-14 күнге дейін созылады. Аурудың жасырын кезеңі адам ағзасының иммундық жағдайының ерекшелігіне және ағзаға түскен вирустың мөлшеріне байланысты болады. Ауырған адамның кенеттен басы қатты ауырып, дене қызуы 38-39 градусқа дейiн көтерiледi, жалпы әлсізік, уыттану белгілері байқалады (жүрек айну, құсу). Аурудың 2-3 күндері кейбір науқастарда мойынның, қолдың, кейде аяқтың бұлшық еттерiнде әлсіздік байқалады. Беттің, мойынның, қолдың бұлшық еттерінде әртүрлі құрысулар болуы мүмкін, ары қарай аяқ-қолдың салдануы пайда болады, шу мен жарыққа сезгiштiгi жоғарлайды.
Кене шаққаннан кейін аурудың аталған белгілері анықталысымен дереу медициналық көмекке жүгіну қажет. Егер науқастың диагнозы ерте анықталып, дер кезінде тиімді ем тағайындалатын болса, дертінен толығымен айығуға мүмкіндігі бар.
Сонымен қатар, кене энцефалиті қайнатылмаған ешкі немесе сиыр сүті арқылы да таралуы мүмкін. Сол себепті, жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында сүтті қайнатып ішкен абзал. Кенелердің барлығы ауруға шалдықтыра бермейді. Бірақ оларды сыртқы түріне қарап ажырату қиын, сондықтан кез келген кенеден сақтанған абзал.
Кенеден қалай сақтану керек?
- табиғат аясына барғанда кенелер киімнің астына кірмеу үшін, жеңі ұзын көйлек киіп, жағасы мен жеңін түймелеп, етегін шалбарға, шалбардың балағын шұлыққа салу керек, өрмелеп бара жатқан кенені тез байқау үшін киім ашық түсті болғаны дұрыс;
- кенелер денеге жабысып қан сору үшін оңтайлы жер іздейді, олар 1-1,5 сағат уақытты қажет етеді, сондықтан сағат сайын шаштың арасын, құлақтын тұсын, қолтық пен шаптың маңайын мұқият кенеге қарау керек;
- табиғатқа шығар алдында дененің ашық жерлеріне және киімге кенені жолатпайтын крем, лосьон, аэрозоль түрінде шығарылатын химиялық заттарды, яғни репелленттерді пайдалану керек. Оларды дәріханалар мен дүкендерден сатып алуға болады;
- орманға барғанда қалың шөбi, бұтасы аз, күннiң көзi көп түсетiн ашық жерлерге орналасқан дұрыс, дем алатын жерді бұталардан, шөптер мен жапырақтардан тазарту қажет, өйткені кенелердің сондай жерлерде көбеюіне қолайлы жағдай туады;
- орманнан келгеннен соң, денені, үйге әкелген барлық заттарды, гүл шоқтарын, киім-кешекті мұқият кенеге қарау керек.
Егер кене адамның денесіне жабысқан болса, жабысқан кенені өте мұқият алу керек, өйткені тұмсығы үзіліп, адамның денесінде қалуы мүмкін.
Сондықтан, кенені алғанда келесі ұсыныстарды орындау қажет:
- ең дұрысы пинцетпен кененің тұмсығынан қысып, болмаған жағдайда тұмсығына жақындатып жіпті байлап, ақырындап бұрап, кенені жұлып алу қажет.
- Кененің шаққан орнын йод ерітіндісімен немесе іспіртпен зарарсыздандыру керек;
- Кенені алып тастағаннан соң, қолды сабындап жуу керек;
- Кене шаққаннан соң 4 күннен кешіктірмей жергілікті медициналық мекемеге көмекке жүгіну қажет.
Денеден алынған кенені жерге тастамай, кенелер тарататын аурулар қоздырғышын анықтауыңызға болады.
Кенені қабылдау күнделікті тәулік бойы мына мекен-жайда: Н.Назарбаев даңғылы-17 жүзеге асырылады. Сонымен қатар, жұмыс уақытында сағат 8.00 –ден 16.42-ге дейін, түскі үзіліс 13.00-ден 14.30-ға дейін- 5 қабат (АҚЖ зертханасына) тапсыруға болады, ал жұмыстан тыс уақытта, демалыс және мереке күндері кенені негізгі кіреберістегі күзетшіге тапсыруға болады, осы тақырыпқа байланысты сұрақтар бойынша мына тел. (8.705.752.79.67) хабарласуға болады.
Кене шаққан кезде алғашқы көмек көрсететін тәулік бойы жұмыс жасайтын пункттердің мекенжайы:
- ересек адамдар үшін: «№4 қалалық ауруханасы» ШЖҚ ҚМК, Серікбаева к-сі 1/5
- балалар үшін: «Ана мен бала орталығы» ШЖҚ ҚМК, Казыбек би даңғылы 11.
Ескертеміз! Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеңіз!
Өскемен қ. СЭБ басқармасының эпид. бақылау бөлімінің басшысы Бакенова З.С ШҚО ДСБ тапсырысы бойынша салауатты өмір салтын насихаттау жобасы аясында.