Өскеменде бүркітшілер фестиваліне арналған фотокөрме өтті
Іс-шара «Туған жер — алтын бесігім» облыстық жобасы аясында Ұлан ауданының мәдени күндеріне арналып өткізілді. Көрмеге халықаралық байқаулардың жүлдегерлері атанған фотографтар қатысты. Шараға қатысқандардың қатарында осында ұсынылған біраз фотосуреттің кейіпкері — жас бүркітші Айзере Марксқызы да болды, деп хабарлайды YK-news.kz.
«5 жыл — бір мақсат: Шығыс Салбурыны» фотокөрмесі Ұлан ауданының Бозанбай ауылында бес жыл бойы жыл сайын өткізіліп келе жатқан «Шығыс салбурыны» фестиваліне арналған. Осы уақыт ішінде бұл жарыс халықаралық деңгейге көтерілді. Қазақтың дәстүрлі құсбегілік өнеріне түрлі елдерден келген адамдардың қызығушылығы барған сайын артып келеді. Биылғы күзде фестивальге алты мемлекеттен келген 150-ге жуық кұсбегі қатысты. Ал 2021 жылы бұл шара 13 бүркітші мен жүз көрерменнің қатысуынан басталған болатын.
Фестивальге арналған фотокөрме осымен екінші рет өтуде. Оған қызығушылық танытқандардың саны көп екенін ескерсек, көрме жыл сайынғы шараға айналатын сияқты. Биыл оған белгілі фотографтар: Мерей Қайнарұлы, Ренат Мансұров, Евгений Домашев, Тілеубек Шаяхмет, Данияр Кожиков, Дана Əбдікəрім, Лашын Жəрденбекқызы, Аяужан Утеулинова қатысты. Олардың туындыларында фестивальдің ең жарқын кездері: қыранды аңға салу, аттан құлау, жеңіске жеткендегі қуаныш, құсбегі мен қыранының арасындағы қарым-қатынас бейнеленген сәттер көрініс тапқан. Барлығы 30-ға жуық сурет көрермен назарына ұсынылды. Өзіндік тарихы бар әрбір кадр фестивальдің фотоэнциклопедиясының маңызды бір бөлігі болып табылады.
Фестиваль барысында түсірілген суреттер ерекше болып шықты. Кәсіби фотографтар өз жұмыстары арқылы құсбегілердің ішкі жан дүниесін, олардың қолға үйреткен қыран құстарымен байланысын дәл жеткізе білген. Осы туындылар көрермендерді өзінің жарқындылығымен және әсерлілігімен таң қалдырды.
Мерей Қайнарұлы өз фотосуретінде жас бүркітші мен қыран құсты біріктіріп, қанатын қағып тұрған біртұтас фигура бейнеленген қызықты композицияны жасады. Бұл кадр дәстүрлі құсбегілік өнерінің мәнін, аңшы мен құсының бір бірін түсінуіне негізделген терең байланысты, олардың күш-қуатын суреттеп тұрғандай.
Құсбегілердің бүркіттерімен тілдесіп тұрған қызықты сәттерін басқа да фотографтар назарларынан тыс қалдырмады. Ренат Мансұров бүркітші мен оның қолға үйреткен құсының қырағы көздерінің таңғажайып ұқсастығын байқап, көрсете білді. Аяужан Утеулинова аңшының аттан құлау динамикасын, ал Тілеубек Шаяхмет қанатты жыртқыштың аңға түсу сәтін түсіріп үлгерген.
Көрмеде көрсетілген біраз фотосуреттің кейіпкері – жас бүркітші Айзере Марксқызы. Фотографтар оны фестивальдің түрлі кезеңдерінде суретке түсіріп, бойжеткеннің бойындағы өзіне деген сенімділікті, бытылдығы мен нәзіктігін бейнелеп көрсете алды. Кадрлардың көбінде оның бүркітімен қарым-қатынасының әсерлі сәттерін көріп, олардың арасындағы таңғажайып байланыс пен өзара түсіністікті сезінуге болады.
Айзере құсбегілікпен бала кезінен бері айналысады. Әкесі – тәжірибелі бүркітші, қызына дәстүрлі өнердің қыр-сырын үйретіп келеді. Қазір бұл Айзеренің сүйікті ісі. Ол фотокөрмеге отбасымен және қыранымен бірге келді. Шара қонақтары Айзеремен қуана суретке түсіп, оның бүркітімен қалай тілдесетінін тамашалады.
Фотокөрме көрермендерді ұлттық өнермен таныстырып қана қоймай, фестивальдің және қазақ халқының көшпелі мәдениетінің атмосферасын сезінуге мүмкіндік берді. Кәсіби фотографтардың туындылары мәдени мұраны сақтауға зор үлес қосуда. Осылайша олар ежелгі дәстүрлер мен қазіргі заманғы фотоөнердің тамаша үйлесім таба алатынын көрсетіп келеді.


