Өскеменде жаңадан егілген көшеттерді тамшылатып суару жоспарлануда
Суарудың тәжірибелік тәсілі Тәуелсіздік монументі маңында отырғызылған жас өскіндерде сыналады.
Былтыр І.Есенберлин және Қазыбек би даңғылдарының қиылысына 400-ден астам ағаш отырғызылған. Олар Тәуелсіздік ескерткішін айнала қоршап, жайқалған жасыл желек болашақта осы аумақта жабдықталатын демалыс алаңының негізі болмақ.
Бұл көшеттер бұрын 19-шы тұрғын үй аумағында отырғызылған басқа көшеттерге қарағанда жақсы тамырланды. Өйткені дәл осы жерде ғана жаңа суару жүйесі, яғни тамшылатып суару алғаш қолданылуда. Бұл жас өскіндердің күнделікті ылғалға деген қажеттілігін қанағаттандыра алады.
– Атап өтерлігі, көшет көпжылдық болып, неғұрлым бойы биік болса, оның тамырланып, жетіліп кетуі екіталай, – деп түсіндірді "Таза Өскемен" коммуналдық кәсіпорнының басшысы Асхат Тәженов. – Мұндай көшеттер шамамен – 60 пайыз. Оларға тиянақты күтім қажет. Мұнда бұл күтімді мердігер – жеке кәсіпкер Михаил Журавлев жүзеге асырады. Тамшылатып суару тәсілін ұсынған да осы адам. Ағаштар қатарының арасынан құбыр өткізіліп, әр діңнің түбіне тамшылатқыш қойылған. Күнделікті су тек екі-үш сағатқа қосылады, осы уақыт аралығында әр ағаш 16 литр су тұтынады, бұл дегеніміз – екі шелек. Осылайша, біз ағаш суғару ісіне адамның қатысуын алып тастаймыз. Шелегі бар адам барлық ағаштарды суаруы екіталай, ал мұндай жүйемен барлық өскіндер адамның қатысуынсыз-ақ жүйелі суарылады.
4 мамыр күні Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар тәжірибе барысымен танысты.
– Биыл біз мұндай тәжірибені алғаш рет енгізіп отырмыз, – деді қала әкімі. – Біз жыл сайын көшет отырғызғанымызбен, олардың жерсініп, ары қарай жетіліп кету деңгейі жеткіліксіз екендігін байқаудамыз. Сондықтан тамшылатып суару тәсілі қолға алынды. Бұл – бірінші аумақ. Мұнда шырша, емен, шаған, тал және қайыңның 450 түп көшеті егілген. Уақыт өте келе мұнда жаяу жүргіншілер жолы, орындықтар, жалпы серуендеуге ыңғайлы аймақ жабдықталады. Ал бұл үшін ағаштар жайқалып өсуі қажет. Жүйе қазір жақсы жұмыс істеуде және де бұл көшеттердің басым бөлігінің терең тамыр жаюына мүмкіндік беретіндігіне сенімдімін. Сондай-ақ, қаланы көгалдандыруға да тамшылатып суару жүйесін қолдануды жоспарлаудамыз.

