Өскеменде мемлекеттік қызметкерлер тұрақ ережелерін бұзғаны үшін жазаланды
Крылов көшесінің орташа жөнделуін тексерген қала әкімі Жақсылық Омар аулалардың бірінде көгалда тұрған автокөліктерге назар аударды.
Қала басшысы №80 үйдің ауласына 12 мамырда белсенді тұрғындардың өтініші бойынша келді. Олар да өз тараптарынан билікке көше жөндеу сапасын бақылауға көмектескен. Тұрғындар автотұрақты асфальттап, спорт алаңын орнатуды сұрады.
Қала басшысы биыл немесе келесі жылы аулада ойын алаңын орнату мүмкіндігін қарастыруға уәде берді. Көше жөндеу жұмыстарын жүргізетін мердігер автотұрақты ұйымдастыруға көмектесуге келісті. Алайда ауланы қарау кезінде мемлекеттік мекемеге қарама-қарсы көгалға қойылған қымбат көліктер көзге шалынды. Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті қала әкімдігіне бағынышты емес және тікелей Денсаулық сақтау министрлігіне бағынады. Мекеменің жанында «тұраққа тыйым салынады» деген белгі бар. Тұрғындардың айтуынша, мемлекеттік қызметкерлер бұл автотұраққа өзгелерді жолатпайтын көрінеді.
Өскемен қаласының әкімі мекеменің жанындағы көлік тұрағының заңдастырылғанын дереу тексеруді тапсырды. Оның шамамен он жыл бұрын орнатылғандығы белгілі болды, бірақ сонымен бірге ол жалпы пайдалануға арналған және жеке мекемеге бекітілмеген. Шенеуніктер өз бастамасымен жол белгісін орнатып алған.
Мекеме қызметкерлеріне көліктерін қайда қою керектігі туралы мәселе аула тұрғындарымен бірлесе оң шешімін тапқандай. Крылов көшесін жөндейтін мердігер үйдің жанындағы заңдастырылған автотұрақ бетіне фрезер төгуге келісті. Ал шенеуніктерге жергілікті тұрғындар күндіз көліктерін қоймаса, онда темір тұлпарларын автотұраққа қоюға ұсыныс айтылды.
Бірақ көгалдардан табылған екі көліктің иелеріне қатысты заңда кешірілім жоқ екен, әкім де тиісті шаралар қолданылған жөн деп санайды.
– Сіз мемлекеттік қызметкерсіз. Неліктен осындай үлгі көрсетесіз? – деп нарызылық танытты қала әкімі Жақсылық Омар. – Заңды өзіңіз бұзасыз. Барлық жерде автотұраққа қатысты мәселе бар. Мәскеуде де, Шанхайда да, Бейжіңде де, Өскеменде де. Себебі машина көп. Біздің қалада тәулігіне 158 мың көлік жүреді. Өскеменде ресми түрде 117 мың отбасы тұрады. Әр отбасында бір-бір машина бар. Алайда бұл заңды бұзуға себеп емес! Тұрғындар бұл Фармацевтикалық бақылау департаментінің тұрағы деп ойлайды, бірақ олай емес. Бұл – ауланың барлық тұрғындарына ортақ тұрақ. Сондықтан мен осы бұзушылықты ресімдеп, шенеуніктерге айыппұл салынғанын дұрыс деп санаймын.
Қызметкерлер тұрғындардан кешірім сұрағанына қарамастан, оларға әкімшілік жаза қолданылады.
– Елді мекендерде тұрғындар көлік жүретін жол бөлігінен тыс жерлерде, яғни көгалдарға, балалар және спорт алаңдарына, тағы да сол сияқты жерлерге көлік қоюға тыйым салынады, – деді полиция басқармасының жол-техникалық инспекциясы бөлімінің басшысы Сергей Коваленко. – Бұл ереже бұзуға жатады. Әкімшілік кодексте ол үшін ескерту қарастырылмаған. Тек айыппұл ғана.
Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі мұндай жағдайда тұрғындар полицияға, аумақтық басқару орталығының филиалдарына жүгіне алатынын хабарлайды. Бұдан бөлек, барлық деңгейдегі шенеуніктердің этика сақтау мәселелерімен тікелей айналысатын мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік бар.

