Өскеменде тағы 27 үйдің қасбетін жөндеуді жоспарлап отыр
Қасбеттерді жөндеуге жұмыстың бірінші кезеңі аяқталғаннан кейін кіріседі, ол бойынша қазіргі уақытта қалада 21 ғимарат жаңартылуда, деп хабарлайды YK-news.kz тілшісі.
Естеріңізге сала кетейік, қаланың орталық көшелеріндегі үйлердің қасбеттерін жаңарту бағдарламасы бірнеше жылға есептелген. Оның аясында 100-ге жуық көпқабатты үйді жөндеу жоспарлануда.
Қазір жұмыстар Назарбаев даңғылы мен Потанин көшесінде жүргізілуде. Бірінші кезеңдегі жөндеу жұмыстары 30 маусымға дейін аяқталуы керек деп осыдан бұрын хабарланған болатын.
— Абаттандырудың екінші кезеңіне Назарбаев даңғылындағы "Металлург" саябағынан Комендантқаға дейінгі ғимараттарды, сондай-ақ бұрынғы "Дюймовочка" дүкенінің жанындағы үйлерді қамтитын 27 үйдің тізімі жасалды, — деді Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар. — Қазақстан көшесі мен Шәкәрім даңғылындағы ғимараттарды да қамту жоспарланған.
Қазіргі кезде қаладағы екі үйдегі қасбетін жөндеу жұмыстары толықтай аяқталды.

