Өскемендегі сол жағалаудағы жолдың құрылысы күзге дейін аяқталады
Учаскелердің біріне қиыршық тас-мастикалық асфальт төселіп жатыр деп хабарлайды YK-news.kz тілшісі.
І. Есенберлин даңғылынан Жібек жолы көшесінің қиылысына дейінгі жол айрығын салумен "Kurylys Group RK" ЖШС компаниясы айналысуда. Жолдың жалпы ұзындығы 1600 метрге жуық.
— Жоба бойынша негізгі жүріс бөлігінде алты жолақ жол, жергілікті жолдар, тротуарлар, веложолдар жасау көзделген, — дейді мердігер ұйымның басшысы Александр Андрейчук.
Оның айтуынша, негізгі жүріс бөлігін жөндеу тамыз айының соңында аяқталмақ. Екінші кезектегі учаскеде (теміржол көпірінен Қ. Сәтпаев даңғылы мен Жібек жолы көшесінің қиылысына дейін) жабынның соңғы қабаты салынуда. Жоба ағымдағы жылдың соңына дейін толық аяқталады деп күтілуде.

