Өскеменнің әкімі жаңадан салынған балалар алаңдарындағы әрбір нысанның беріктігін тексеруді тапсырды
Облыс орталығындағы аулаларда балалар алаңдарын абаттандыру жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды YK-news.kz тілшісі.
Биыл қалада "Халық қатысатын бюджет" бағдарламасы аясында шағын сәулеттік нысандары бар 11 алаң жабдықталады. Қазір жұмыстар Чернова көшесіндегі 124 және 126 үйлердің аулаларында жүргізілуде.
— Шағын сәулет формаларын орнатуға бірнеше күн кетеді. Оған сырғанақ, орындықтар, құмсалғыш, "Маугли" кешені кіреді. Бұл нысандағы жұмыстарды айдың соңына дейін аяқтаймыз, — дейді "Қазстрой GROUP LTD" ЖШС өкілі Ақжол Қабдыкенов.
Қала әкімі нысанға барып, тұрғындармен сөйлесіп, жүргізіліп жатқан жұмыстардың қарқынын бағалады.
— Басқа қалалардағы оқиғалардан кейін қабылдау кезінде әр нысанның беріктігін тексеру қажет! — деп тапсырды Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар.

