Өскеменде Қыдыр Атаның үйі ашылды
Қаладағы Солжағалау мұражай-қорық кешенінде Наурыз мейрамына арналған іс-шаралар ұйымдастырылып, көпті елең еткізген жаңалықтардың бірі Қыдыр атаның үйі ашылды.
Әз-Наурыз қарсаңында аталған кешен аумағында қызықты шаралар бірінен соң бірі жалғасты. Мұның мақсаты сол, ұрпақтар мен дәстүрлер сабақтастығының символы ретінде ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Салтанатты жиынға облыс әкімі Ермек Көшербаев қатысып, шаһар жұрты мен меймандарға жылы лебізін білдірді.
Саябақтың орталық алаңында көрермендерге арналып шығармашылық ұжымдар мен жеке орындаушылар ән шырқап, билерін ұсынды.
— Қыдыр ата наурыз айының 22-сі қараған түні келіп, әр отбасыға молшылық әкелетін мифтік кейіпкер. Әр шаңырақ оның келуін асыға күтіп, дастархандарын молынан жаяды. Ол күні өкпе-реніш ұмытылып, бәрі бірін-біріне ізгі тілектерін жеткізеді, — деді облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Нұрболат Ахметжанов.
Мерекелік думанға ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Абдуллин де арнайы қонақ ретінде шақырылды.
Бағдарлама аясында алаңда қазақы нақышта өрнектелген киімдер, ұлттық тағамдар және қолөнер шеберлерінің туындылары қойылып, келушілерді таң-тамаша етті. Бұдан бөлек, қазақы спорт түрлері кеңінен насихатталды. Балалар мен жастар садақ атып, арқан тартудан кім мықтыны анықтады. Бүлдіршіндерге тәттілер үлестірілді.
— Бұл мереке өңірдің қонақжайлылығын сезінуге, ұлттық салт дәстүріміздің тарихын насихаттауға, сондай-ақ қала халқының биылғы Наурызды естен кетпестей етіп өткізуіне өз септігін тигізетіндігі анық, — деді қала тұрғыны Санжар Елубай.
Мұнымен қоса, басты оқиғалардың бірі ретінде Қыдыр ата үйінің ашылуын айта кетуге болады. Ұлттық ою өрнекпен көмкерілген Қыдыр ата үйінің ашылуында өнерпаздар дәстүрлі киім киіп, ұлттық аспаппен әуелете ән шырқап, ақ жаулықты әжелер шашу шашты. Балалар Қыдыр атаға тілектерін жазып, риясыз сенімдерін білдірді.
Асыл Айтбаев








