Өскеменде аулалардағы өтпе жолдар мен көлік тұрақтарын кеңейту жоспарлануда
Қала әкімі Алмат Ақышов жұмыс тобымен бірге қаланың түрлі көшелеріндегі бірнеше аулаларды аралап, тұрғындармен көлік қоятын орындарының жетіспеушілігіне қатысты шағымдары бойынша әңгімелесті.
Бұл мәселе облыс орталығы үшін өте өзекті. Көлік иелері үйлерінің жанындағы тұрақ орындарын троспен қоршап, осылайша орынды өздері үшін сақтап қалуға тырысуда.
Басқа тұрғындар бұл аулаларда көлікпен жүруге кедергі жасайды деп ашуланады. Өрт сөндірушілер, жедел жәрдем көліктері, такси, жеткізу қызметтері діттеген жеріне
жедел жете алмай жүр. Аулаларда шлагбаумдарды орнату және тұрақ орындарын тростармен қоршау заңсыз болып табылады және Өскеменде бұл фактілермен бұрыннан бері күресіп келеді. Бірақ мәселе әлі де шешімін таппай отыр.
Аппарат мәжілісінде Алмат Ақышов аулалардағы өтпе жолдар мен көлік тұрақтарын кеңейту мәселесін көтерді:
– Үйлердің көбі Кеңес Одағы кезінде жобаланған, ол кезде бір подъезде бір көлік қана болатын. Сол уақытта көлік тұрақтарына мұндай қажеттілік болмағандықтан, ауладағы өтпе жолдар тар, екі-үш көліктің өтуіне және тұруына арналған. Қазір бізде 125 мың отбасыда 126 мың көлік бар. Сондықтан аулалардағы өтпе жолдар мен көлік тұрақтарын кеңейту қажет. Аулалардағы көлік жүретін жолды төрт метрге кеңейтуге болады, көп жағдайда ол үшін жер жеткілікті. Ойын алаңдары үшін де орын табылады.
Қала әкімі 25 қыркүйекке дейін ауладағы өтпе жолдар мен көлік тұрақтарын кеңейту бағдарламасы бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырды.