Славский жағалауында Өскемендегі алғашқы «Шахмат сквері» салынады
Облыс орталығында шахмат әуесқойлары үшін ерекше алаңды ашу жоспарлануда.
«Шахмат сквері» жобасын жүзеге асыруды «Игі істер мектебі» («Школа добрых дел») қалалық спорт клубы ұсынды.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, зияткерлік ойынға балалар мен ересектер де қызығушылық танытып, ойнайтын болады.
– Ата-аналар балаларына үлгі көрсетіп, осылайша оларды зияткерлік ойындарға қатысуға шақырғанын қалаймыз, – деді «Игі істер мектебінің» директоры Игорь Морозов. – Біз павильон, үстелдер, сондай-ақ алып шахмат фигураларын орнатуды жоспарлап отырмыз – көптеген балалар осындай шахматпен ойнауды армандайды.
Жаңа скверді салу үшін Е. П. Славский атындағы Ертіс жағалауындағы – «Аbdi» дүкені мен көпірдің астында салынып жатқан автожол арасындағы орын таңдалды. Қазір «Игі істер мектебі» болашақ нысан орналасатын жер телімін жалға алуға қатысты заңгерлік мәселелерді шешуде. Аталған идеяны қала әкімі Алмат Ақышов пен Шахмат федерациясы қолдады.


