Көлік және тіршілік қауіпсіздігі колледжі базасында «Заң және жастар» диалогтық алаңы өтті
Іс-шара «Заң және тәртіп» идеологемасы аясында ұйымдастырылды. Негізгі мақсат — жастардың құқықтық мәдениетін арттыру, студенттердің заң талаптарын сақтау жауапкершілігін қалыптастыру, құқықбұзушылықтың алдын алу, сондай-ақ жасөспірімдердің азаматтық белсенділігін дамыту.
Диалог алаңында спикер ретінде Өскемен қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры Ахметжанов Р.Т. және ШҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің жедел қызметкері Толбаева В.Н. сөз сөйледі. Мамандар өз баяндамаларында негізгі заң нормаларын түсіндіріп, интернет-алаяқтық, дропперлік, қаржы пирамидалары және тыйым салынған заттарды тарату сияқты құқықбұзушылықтардың алдын алу мәселелерін талқылады.
Спикерлер практикалық мысалдар келтіріп, заңсыз іс-әрекеттерге қатысудың құқықтық салдарын түсіндірді. Сонымен қатар онлайн-операциялар кезінде сақ болудың және күмәнді қаржылық ұсыныстарды сын көзімен бағалаудың маңызын атап өтті. Студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, кәсіби кеңестер алды.
Ашық форматта өткен диалог сенімді атмосфера қалыптастырып, қатысушылардың белсенділігін арттырды. Іс-шара студенттердің құқықтық сауаттылығын нығайтуға және заң талаптарын сақтаудың маңызын терең түсінуге ықпал етті.


