Өскеменде сайлауға трансформерлер келді
Бүгін Өскемендегі сайлау учаскелерінің біріне екі ерекше сайлаушы – Бамблби мен Оптимус Прайм келді. Алайда өздерінің кинодағы прототиптерінен айырмашылығы, бұл екеуі Жерді десептикондардан құтқару үшін емес, азаматтық борыштарын орындау үшін келген, деп хабарлайды YK-news.kz тілшісі.
Бамблби өзінің әдеттегі ашық сары түсті кейіпінде болса, Оптимус Прайм да толығымен жарақтанған екен. Трансформерлерге де маңызды қоғамдық оқиғалар жат емес сияқты.
Сайлау учаскесінде осындай ерекше қонақтарды жұрт қызыға қарсы алды. Әрине, әдетте сайлаушылар жаяу не көлікпен келеді, не болмаса өз шаруаларымен жүріп, жолшыбай кіреді. Ал бұл жолы учаскеге нағыз автоботтардың өздері келіпті. Дегенмен бұл ретте олар өздерінің көлікке айналу қабілеттері мен ауыр артиллерияларын таныстырып көрсетпеді.
Олардың дауыс беруге қалай дайындалғанын тек болжауымызға болады. Мүмкін, үйден шығар алдында Оптимус Прайм өзінің «бостандық – барлық саналы тіршілік иесінің құқығы» деген атақты сөзін айтқан шығар. Ал Бамблби болса, әдеттегідей, музыкамен шектелсе керек.
Әйтсе де екеуінің бүгінгі миссиясы қарапайым әрі түсінікті – бюллетень алып, өз таңдауларын жасау.
Дауыс беруден кейін Бамблби мен Оптимус Прайм учаскеден кетіп қалды. Олардың Өскеменге келесі сапары кезекті механикалық құбыжықтардың шабуылына байланысты емес, осындай жағымды себеппен болады деп үміттенеміз.
Мира Круль
Куәгердің видеосы

