Қаржылық қауіпсіздік мүддесі үшін қызметте

22 апреля 2024, 9:53
Сейчас читают:

Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мамандары С.Аманжолов ат. Шығыс Қазақстан университетінің студенттеріне Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметі мен міндеттері туралы айтып берді.

Кездесу барысында студенттер Қаржы мониторингі органдары жұмысының негізгі бағыттары, қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл, лудомания, алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымы, вейптердің зияны, «АФМ Insider», «Baiqa, piramida» Telegram-боттарының жұмысы туралы білді, сондай-ақ экономикалық тергеп-тексеру қызметі қатарына қабылдау тәртібімен танысты.

— Құқық қорғау органдарында жұмыс істеудің күрделі және белгілі бір шектеулерді қажет ететіні ешкімге құпия емес. Дұрыс мамандық таңдау-өмірдегі өз орныңды таңдау, — деді студенттерге ведомствоның қызметі туралы  Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің (ШҚО бойынша ЭТД) басшысы Айдын Молдабеков.

Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті Қаржы мониторингі агенттігінің (ҚМА) құрылымдық аумақтық бөлімшесі болып табылады.

— Осы жылдар ішінде өзімізді көлеңкелі экономикамен және ақшаны жылыстатумен күресетін тиімді ведомство ретінде таныттық, — деп атап өтті ШҚО бойынша ЭТД басшысы. 

Жедел тергеу бөлімшелерінің ерекше назары көлеңкелі экономикаға («қолма-қол ақша жасаушыларға», қаржы пирамидаларын, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырушыларға, контрафактілік өнімдерді өндірушілерге, контрабандашылар мен жалған ақша жасаушыларға), бюджет қаражатын ұрлауға, шетелге капиталды шығаруға және қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыруға бағытталған.

Қаржы мониторингі агенттігінің ақпараттық-талдау мүмкіндіктерінің кең әлеуеті бар. Мәселен, талдау бөлімнің басты міндеті-құқық бұзушылықтарды жаңа ақпараттық технологияларды қолдана отырып, аналитикалық жолмен анықтау.

— Бүгінгі таңда жалған шот-фактураларды жазып беру, бюджет қаражатын ұрлау және қаржы пирамидалары сияқты қылмыстық құқық бұзушылық түрлері жасанды интеллектті қолдана отырып белгіленеді, — деп нақтылады Айдын Молдабеков. — Айталық, егер ел бюджетінен әлеуметтік нысандарды салуға ақша бөлінсе, онда ол ақшаның одан әрі қозғалысы көрінеді және оларды нысаналы мақсаты бойынша пайдаланғанын  немесе пайдаланбағанын анықтауға болады.

ҚМА жұмысының тағы бір бағыты – қаржылық барлау бөлімшесі, оның қызметі қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстату, терроризм мен экстремизмді қаржыландыру схемаларын анықтау болып табылады. Қазір бүкіл әлем бойынша жүзден астам қаржылық барлау бөлімшелерімен белсенді ақпарат алмасу басталды. 

Ал криптовалюта саудасының үлкен көлеміне байланысты (жаһандық сауданың 0,25 пайызынан астамы) барлық озық құралдармен жабдықталған «КРИПТОН» бөлімшесі құрылды.

Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ұйымдастыру-бақылау басқармасының басшысы Жанар Тайғаранова:

— Жалған кәсіпкерлік, салық төлеуден жалтару, жалған ақша жасаушылар, экономикалық контрабанда, бюджеттік саладағы ұрлық, алкогольдік ішімдіктердің заңсыз айналымы, мұнай, қаржы пирамидалары, банкроттықпен және т.б. қарсы күрес басым бағыттар болып табылады. 

Көлеңкелі экономиканың бір түрі - экономикалық қауіпсіздікке қауіп төндіретін, халықтың әл-ауқатына теріс әсер ететін қаржы пирамидаларын қолдану арқылы жүзеге асырылатын қызмет. Агенттік оларды анықтау, жолын кесу және қаржы пирамидаларының алдын алу бойынша мақсатты жұмыс жүргізуде.

Ескертулерге қарамастан, кейбір қазақстандықтар адам айтқысыз табыс ұсынатын адамдарға сенуді жалғастыруда және өз жинақтарын жаңа схемаларға салуда екенін айта кеткен жөн.

Жалпы республика бойынша 36 қаржы пирамидасы жойылып, зардап шеккендерге 4,6 миллиард теңге қайтарылды. Танымал алаяқтық жобалардың ішінде «Crowd1», «Qnet», «Hit Beat Music», «Amanat home», «Asar Baspana» ТК, «Ақ Үй Арман» ТК, «Big Star»  және т.б. Өткен жылы ғана 30-дан астам үкім шығарылып, 52 адам сотталды. Іс жүзінде әрбір жағдайда ұйымдастырушылар мүлкі тәркіленіп, орта есеппен бес - алты жылға бас бостандығынан айырудың нақты мерзімдерін алды.  

Агенттік алдын алу шараларының тұтас кешенін әзірледі. Осылайша, қаржы пирамидаларының қаржысын анықтау және олардың қызметінің жолын кесу үшін заманауи IT-технологиялар енгізілді. Бұл жаңадан құрылған алаяқтық жобаларды түпкілікті бұзады. Пирамидаға тән кілт сөздер бойынша аналитикалық құралды қолдана отырып, интернетте заңсыз контентті іздеу жүзеге асырылады. Сонымен қатар, жаңалықтар порталдары, блогтар, сайттар мен әлеуметтік желілердегі аккаунттарға белсенді мониторинг жүргізіледі. Нәтижесінде мамандар ықтимал қаржы пирамидалардың сілтемелері мен аккаунттарын алады. Қаржы пирамидаларының белгілері бар материалдар оларды бұғаттау үшін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне жіберіледі. 

Бұдан басқа, Instagram және Telegram чаттарынан деректер жинау және контентті мазмұнды талдау жүзеге асырылады, күдікті жобалар аймақтар бойынша топтастырылады, олардың ұйымдастырушылары мен ықтимал құрбандары анықталады. Мұндай аккаунттардың жазылушыларына жазылудан бас тарту, ал әкімшілерге – есептік жазбаны жабу туралы ұсыныспен жобалардың заңсыздық белгілері туралы хабарлама жіберіледі. 

— Біз азаматтардың күмәнді жобаларға салым салып, ақшасын жоғалтуын күтпейміз, алдын алу жұмысын істеп жатырмыз, — деп атап өтті Жанар Тайғаранова. — Өткен жылдан бастап сайтта соттардың үкімдері орын алған қылмыстық істер бойынша пирамидалардың тізімдерін жариялаудамыз. Барлығы әйгілі «ескерту алды-демек,қаруланды» деген сөзді біледі. Бұл сөздердің мағынасы өте қарапайым - қырағылық ешқашан артық болмайды.  

Сонымен қатар, Telegram қосымшасында құрылған «Baiqa, piramida» боты енгізілді, ол азаматтарға жобаны қаржы пирамидасы белгілеріне дербес тексеруге мүмкіндік береді. Ол үшін жинақталған ақпарат — қылмыстық істер бойынша мәліметтер, бұрын бұғатталған сілтемелер, қаржы реттеушісі мен қаржы орталығының (ҚНРДА және АХҚО) ресми тізілімдері пайдаланылады. Бұл қосымша талапқа өте сай болды және халық арасында үлкен сұранысқа ие. Іске қосу басталғаннан, өткен жылдың қаңтар айынан бастап азаматтардан жеті мың өтінім қаралды. Егер компанияда қаржы пирамидасының белгілері болса, оның сайтына сілтеме «Кибербақылау» жүйесінің көмегімен бұғатталады.

Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан облысы бойынша ТЖД «Тоқта, пирамида!» жедел-профилактикалық іс-шарасын жүзеге асыруда, оның аясында белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргіз­ілуде. Дегенмен, күмәнді операцияларға ақша салатын азамат­тардың саны азаймай отыр. Тез баюды қалайтын азаматтар қаржы пирамидаларының құрбанына айналады. 

— Өкінішке орай, білімді адамдар да алданып қалу қаупінен сақтанбаған, — деп ескертті ұйымдастыру-бақылау бөлімінің басшысы. — Бұл қаржылық қауіпсіздіктің қарапайым негіздерін білмеуден болады. Әрине, қаржылық пирамидаларды ұйымдастырушыларға лайықты бағасын беруіміз керек. Олар адамдарды  сендірудің, оларға психологиялық әсер етудің ең жоғары дағдыларына ие. Тәжірибе көрсеткендей, олардың негізгі аргументі: бүгін болмаса, ертең екі-үш есе пайда ала аласыз. Еске сала кетейік, қаржылық пирамида – кепілдендірілген кіріс алуды сылтау етіп, салымшылардың қаражатын тарту арқылы жүзеге асырылатын алаяқтық схема. Пирамиданы ұйымдастырушылар ешқандай экономикалық қызметпен айналыспайды. Төлемдер жаңадан тартылған қатысушылардың – туыста­рының, әріптестерінің, таныстарының қара­жатынан жүзеге асырылады. 

Қаржы пирамидаларын ұйымдастырушыларды қандай белгілерімен анықтауға болады? Біріншіден, тіпті қомақты ақшасы бар миллионерлер де ақшасын банктерде сақтайды. Олар үшін ақшаларының сақталуы маңызды және олар депозиттерінің кенеттен 70–100 пайызға өсе алмайтынын біледі, ал қаржылық пирамидаларды ұйымдастырушылар қысқа мерзімде жоғары пайдаға уәде береді.

Екіншіден, азаматтардан ақша алуға лицензиясы бар банктер мен инвестициялық қорларға салынған барлық депозиттер мемлекет тарапынан қорғалады. «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ азаматтардың депозиттерін қорғайды және олардың сақталуына кепілдік береді. Бұл ретте қаржы пирамидаларына салымдарды қайтаратынына, уәде етілген пайданы алуға ешкім жауапты емес. 

Үшіншіден, қаржылық пирамидаларды ұйымдастырушылар манипуляцияға көбірек бейім адамдарды бірден анықтайды. Олар моральдық және психологиялық қысымның әртүрлі құралдарын пайдаланады және адамдардың проблемаларын, армандарын, жоспарларын көбірек біліп, көмек көрсету желеуімен өз схемаларына жаңа салымшыларды тартады. 
Тағы бір жайт: алаяқтар жиі аты шулы және тартымды атауларды ойлап табады: IT-компания, интернет-компания, инновациялық жоба. 

Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті азаматтарды жарнамалау және қаржылық пирамидаларды пайдалану ҚР Қылмыстық кодексінің 217 және 217-1 баптары бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертіп, ақшаны күмәнді ұйымдарға салмауға шақырады. 

Құмар ойындарға тәуелділік - лудоманияның алдын алу бағытында да осындай жұмыстар жүргізілуде. Ойын бизнесіндегі қызметті заңсыз ұйымдастырғаны үшін, сондай-ақ жалға берушілердің заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру үшін үй-жайларды бергені үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген.

Қаржы мониторингі агенттігі «AFM Insider» арнайы Telegram ботын іске қосты, оған бір рет басу арқылы көлеңкелі экономикада жасалған құқық бұзушылықтар туралы ақпаратты хабарлауға болады. Ботқа жіберілген ақпарат хабарландыру сипатында және қылмыстық істі немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі тіркеуге негіз болып табылмайды. Ресми жүгіну үшін кезекші бөлімге келіп, белгіленген тәртіпте өтініш жазуға немесе «eOtinish» арқылы хабарласуға немесе AFM-1458 байланыс орталығына немесе департаменттің 8 (7232) 24-06-05 сенім телефонына қоңырау шалуға болады. 

Жанар Тайғаранованың айтуынша, қазірдің өзінде атқарылған істер аз емес, бірақ еліміздің экономикалық мүддесін қорғау үшін әлі де көп жұмыс істеу керек. Бүгінгі таңда бізге тек заңгерлік білімі ғана емес, сонымен қатар Интернетті, бағдарламалау тілдерін және күрделірек ІТ шешімдерін пайдалану дағдылары бар мамандар қажет. 

Қаржы мониторингі саласында жоғары кәсіби ядроны қалыптастыру үшін «AML академиясы» – қаржылық мониторинг академиясы құрылды.

Әкімшілік басқа­рмасының басшысы Райхан Рахматуллина Экономикалық тергеп-тексеру қызметі қатарына қабылдау мәселелеріне тоқталса, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің   ШҚО бойынша өкілі Серік Мизанбеков кездесуге қатысушыларды адам құқығын қорғау туралы хабардар етті.  

Фотосуретті ұсынған С. Аманжолов ат. ШҚУ

Нравится
Смешно
Вау!
Печалька
Кошмарно
Не нравится
Комментарии

Также читайте