Дәл қазір Шығыс Қазақстан облысының делегациясы Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен жүр
Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов бастаған құрамда бизнес өкілдері, туризм саласының мамандары және өңір әкімдігінің қызметкерлері бар. Олар электр энергетикасы, өндіріс және туристік бағдарламаларды дамыту бағытындағы бірлескен жобаларды талқылап, нақты ұсыныстарды қарастыруда.
Сапар аясында Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының орталығы Үрімші қаласында B2B форматындағы кездесулер, өндірістік нысандарға бару және форум шеңберіндегі пікір алмасулар ұйымдастырылды. Бұл екі өңір арасында ашық диалог орнатып, ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін айқындауға жол ашпақ.
Бүгін таңертең Шығыс Қазақстан облысы мен Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат қытайлық ШҚО-ға инвестиция тарту, туристер ағынын арттыру және туризмді дамытуға бағытталған өзге де бастамаларды қамтиды. Қол қою рәсіміне қазақстандық делегация атынан Кәсіпкерлер палатасы жанындағы туризм кеңесінің төрағасы С. Рамазанов, «Пасека» шаруа қожалығының басшысы В. Қасымбаев және басқа да өкілдер қатысты. ️Іссапар бағдарламасы бұдан әрі Үрімші жылу энергетикалық компаниясына барумен жалғасты. ШҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметовке кәсіпорынның техникалық мүмкіндіктері таныстырылды. «Шығыс Жылу» АҚ басшысы Ренат Уразбаевтың айтуынша, Үрімші энергетиктерінің тәжірибесі шығысқазақстандық мамандар үшін пайдалы әрі маңызды.
«Мені қала бойынша тұрғын үйлердің шатырларына орнатылған, пәтер ішіндегі температураны онлайн режимде тұрақты түрде өлшейтін датчиктер таңғалдырды. Барлық ақпарат бірыңғай базаға түседі, ал ауа температурасы белгіленген нормадан ауытқыған жағдайда, колл-орталық мамандары ақауды жою үшін арнайы топ жібереді», — деді «Шығыс Жылу» АҚ бас директоры.


