Өңірде қоқысқа толған пәтерлер бақылауға алынды
Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында ШҚО ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры Нұрлан Алмасұлы қоқысқа толған пәтерлер мәселесі және қабылданып жатқан шаралар туралы мәлімдеді.
Бүгінде қоқысқа толған пәтерлер тек бір отбасының емес, тұтас тұрғын үйдің қауіпсіздігіне әсер ететін өзекті мәселеге айналып отыр. Мұндай пәтерлерде өрт шығу қаупі жоғарылап, антисанитариялық жағдай қалыптасады, жағымсыз иіс тарайды. Ең бастысы - тұрғындардың денсаулығы мен өміріне қауіп төнеді.
Осыған байланысты Шығыс Қазақстан облысында арнайы ведомствоаралық жұмыс тобы құрылған. Оның құрамына полиция қызметкерлері, төтенше жағдайлар қызметі, тұрғын үй инспекциясы, әлеуметтік қорғау органдары және «Таза Өскемен» мекемесінің мамандары кірген. Барлық қызметтердің жедел әрекет етуі үшін арнайы байланыс чаты да іске қосылған.
Қазіргі уақытта облыс бойынша 19 қоқысқа толған пәтер анықталған. Оның 18-і Өскемен қаласында, 1-еуі Риддер қаласында орналасқан. Мамандардың айтуынша, мұндай пәтерлерде көбіне жалғыз тұратын егде жастағы адамдар өмір сүреді.
Анықталған пәтерлер тұрақты бақылауға алынған. Плюшкин синдромына шалдыққан қарттармен профилактикалық әңгімелер жүргізіледі. Егер олардың мінез-құлқынан психологиялық ауытқулар байқалса немесе өзіне және өзгелерге қауіп төндіретін жағдайлар анықталса, медициналық мекемеге жатқызу мәселесі қаралады. Сонымен қатар олардың туыстары мен қамқоршыларына хабар беріледі.
Осындай жағдайларды учаскелік полиция инспекторлары рейд кезінде анықтайды. Бұдан бөлек, тұрғындардың шағымдары мен ПИК, МИБ және жергілікті әкімдіктермен бірлескен жұмыстар да нәтижесін беріп отыр.
Дегенмен қолданыстағы заңнамаға сәйкес полиция қызметкерлері пәтерді күштеп тазалай алмайды. Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сай әр азамат өз мүлкін өз қалауынша басқаруға құқылы. Сондықтан полиция тек түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, материалдарды тұрғын үй инспекциясына жолдайды.
Егер мәселе шешімін таппаса, жағдай сот арқылы қаралады. Қоқысты мәжбүрлі түрде шығару немесе өзге де шаралар тек сот шешімі негізінде жүзеге асырылады.


