Самар ауданында алғашқы жартылай стационар ашылды
Самар ауданында әлеуметтік қызмет көрсететін алғашқы жартылай стационар өз жұмысын бастады. Бұл маңызды бастама өңірдегі әлеуметтік қолдау мен оңалту жүйесін жаңа деңгейге көтеріп, ерекше жандардың өмір сапасын арттыруға бағытталған игі қадам болды.
Мекеме төрт санаттағы азаматтарға қызмет көрсетеді:
- 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі психоневрологиялық ауытқулары бар балаларға;
- 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға;
- 18 жастан асқан психоневрологиялық сырқаты бар ересектерге;
- I және II топтағы мүмкіндігі шектеулі жандарға.
Орталықтың басты мақсаты – балалардың қоғамға бейімделуіне, жеке қабілеттерін дамытуына және отбасылық ортада толыққанды өмір сүруіне жағдай жасау.
Мекеме күндізгі тәртіпте, сағат 9:00-ден 16:00-ге дейін жұмыс істейді. Қызмет алушылардың күнделікті болу уақыты – 6 сағат.
Орталықта түзету, дамыту және қолдау бағытындағы 8 түрлі әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Бұл бағытта логопед-дефектолог, психолог, емдік дене шынықтыру мұғалімдері, тәрбиешілер, сондай-ақ педиатр, терапевт, реабилитолог, невропатолог және психиатр сияқты жоғары білікті мамандар еңбек етуде.
Қазіргі таңда аудан тұрғындарынан 15 өтініш қабылданды. Алдағы уақытта қызмет алушылардың қатарын 26 адамға дейін арттыру көзделіп отыр.



