Самарда қоқыс шығармаған 80 тұрғын айыппұл арқалады
Самар ауданында тұрғын үйінің аумағын қоқыстан тазартпаған тұрғындар айыппұл арқалады. Жергілікті полиция осыған дейін аталған тұлғаларға ескерту жасаған болатын.
Аудан әкімдігі мен тәртіп сақшылары көктем шығысымен, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын қолдау мақсатында тәртіпті күшейткен.
– Самар ауданында «Таза Қазақстан» акциясы аясында тазалық және абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Шарада 3 стихиялық қоқыс алаңы анықталып, тиісті материалдар экологиялық департаментке жолданды. Сонымен қатар, ортақ пайдаланылатын қоғамдық орындарда 30-ға жуық әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Оның ішінде 13 құқық бұзушы сот шешімімен қоғамдық жұмыстарға тартылды. Қоғамдық жұмысты орындамаған 1 азаматқа қатысты әкімшілік шаралар қабылданды. Экологиялық талаптарды бұзғаны үшін 80-ге жуық азаматқа ескерту жасалып, айыппұл салынды. Сондай-ақ, анықталған құқық бұзушылықтарды жою мақсатында 5 тұлғаға тиісті ұсынымдар берілді, – дейді Самар аудандық полиция бөлімінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, жуықта Шығыс Қазақстан облысының әкімі барлық аудан әкімдеріне экологиялық тазалықты сақтау бойынша нақты тапсырмалар берген болатын.
Самар ауданында аумақты қоқыстан тазарту жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Шараға әкімдікке қарасты мекемелер жастар және аудан тұрғындары белсене қатысты.


