ШҚО қалалары мен аудандарының ішінде екпеден бас тарту жағдайларының көпшілігі Өскеменде тіркелген

2 часа назад
Сейчас читают:
ШҚО қалалары мен аудандарының ішінде екпеден бас тарту жағдайларының көпшілігі Өскеменде тіркелген ШҚО қалалары мен аудандарының ішінде екпеден бас тарту жағдайларының көпшілігі Өскеменде тіркелген
ШҚО қалалары мен аудандарының ішінде екпеден бас тарту жағдайларының көпшілігі Өскеменде тіркелген

ШҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Слямғазинаның мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы үш айында облыста вакцинация бойынша норматив тек  жаңа туған нәрестелер арасында ғана толық орындалды: БЦЖ екпесін (туберкулезге қарсы вакцина) балалардың 96 пайызы алды.

Алаңдатарлық статистика

ШҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Слямғазина хабарлағандай, ағымдағы жылдың үш айының қорытындысына сәйкес облыс бойынша профилактикалық екпелермен қамтудың нормалық көрсеткіші тек дүниеге жаңа келген сәбилерде БЦЖ вакцинациясы (туберкулезге қарсы вакцина) бойынша қамтамасыз етіліп, ол 96 пайызды құрады. Алайда екпелер спектрі кеңейіп, бала есейген сайын жасалатын статистикаға көз жүгіртетін болсақ, ондағы деректер көңіл құлазытады. 1 жасқа дейінгі топта көрсеткіштер арасында үлкен айырмашылық бар: В гепатитіне қарсы екпені балалардың 93,8 пайызы, ал АКДС3+Hib3 бастапқы кешенін тек 14,5 пайызы алды. Пневмококк инфекциясына қарсы вакцинаның екінші дозасымен қамту деңгейі одан да төмен – небәрі 14,2 пайыз.

Бір жастағы сәбилер арасындағы көрсеткіштер өте төмен болып қалуда. Балалардың 13,7 пайызы пневмококк инфекциясына қарсы (үшінші доза) егілді. Қызылша, қызамық және эпидемиялық паротитке қарсы (бірінші доза) – 20,4 пайыз. Полиомиелитке қарсы ОПВ-4-пен – тек 12,8 пайыз. Екі жасқа дейінгі балалар арасындағы жағдай мәз емес: АКДС4+Hib4 11,6 пайызды құрайды. 6 жаста қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы екінші ревакцинациямен (ККП2) қамту тек 18,9 пайызға, ал АКбДС-5 17,5 пайызға жетті.

Жасөспірімдерге қатысты жағдай да көңіл көншітпейді. 16-17 жастағы топта АДС-М ревакцинациясымен қамту 16,2 пайызды құрады. Ересектер арасында дифтерия мен сіреспеге қарсы вакцинацияның салыну көрсеткіші жоспарланған мақсатты топтың 50,4 пайызына ғана жетті. Демек өңірдегі әрбір екінші ересек адам аталған ауыр инфекциялардан қорғансыз қалды.

Вакцина тапшылығы және медициналық қарсы көрсетілімдер

Сәуле Слямғазина мақсатты топтарды қамту деңгейінің төмен болу себептерінің арасында екі негізгі мәселені атайды. Біріншісі – жүйелі: полиомиелитке қарсы ревакцинацияның, сондай-ақ көкжөтелге, дифтерияға, сіреспеге және гемофильді инфекцияға қарсы екпелердің төмен деңгейі бүкіл 2025 жыл бойы және 2026 жылдың алғашқы үш айында ОПВ және «Пентаксим» вакциналарын орталықтандырылған жеткізудегі іркілістермен тікелей байланысты. Препарат жүйелі түрде әкелінбесе, балаларда тұрақты иммунитет қалыптастыру мүмкін емес.

Екінші себеп пневмококк инфекциясына байланысты. 1 жасқа дейінгі және 2 жастағы балаларды қамтудың төмен болуы күзгі-қысқы кезеңде уақытша медициналық көрсетілімдер санының күрт артуымен түсіндіріледі. Сонымен қатар осы аралықта 6-11 айлық балаларға қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау жүргізілді, бұл екпе салудың кестелерін өзгертті.

Осыған қоса науқастардың саналы түрде вакцинациядан бас тартуы дәрігерлер үшін үлкен қиындық тудыруда.

– 2026 жылдың басынан бері облыста профилактикалық егуден бас тартудың 62 жағдайы тіркелді, – деп хабарлады спикер. – Оның ішінде 91,9 пайызы (57 жағдай) жеке наным-сенім бойынша, 4,8 пайызы (3 жағдай) вакцинаға деген сенімсіздікке байланысты бас тартқан және тағы 3,2 пайыз жағдайда (2 факт) бас тартуға бұқаралық ақпарат құралдарынан алынған негативті мәлімет себеп болды.

Аумақтық тұрғыдан вакцинацияға қарсы наразылықтың негізгі ошағы Өскемен қаласы болып отыр. Барлық бас тартудың 80,6 пайызы (50 жағдай) осы қаланың үлесіне тиесілі. Одан кейінгі орындарда Глубокое ауданы – 14,5 пайыз (9 жағдай), Алтай ауданы – 3,2 пайыз (2 жағдай) және Зайсан ауданы – 1,6 пайыз (1 бас тарту). Жас ерекшеліктері бойынша да жағдай айқын: бас тартудың көбі 1 жасқа дейінгі балалардың ата-аналарына тиесілі – 57 бас тарту (91,9 пайыз). 1-2 жастағы балалар арасында 4 бас тарту (6,5 пайыз), 2-5 жаста – 1 бас тарту (1,6 пайыз) тіркелді. Осы ретте 2026 жылдың үш айында облыс аумағында иммундаудан кейінгі қолайсыз көріністердің бірде-бір жағдайы тіркелмегенін атап өткен жөн.

Ең бастысы – аурудың алдын алу

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сарапшыларының бағалауы бойынша, вакциналық профилактика мен таза су – қоғамдық денсаулыққа нақты әсер ететін жалғыз шаралар. Статистикаға сүйенсек, соңғы 150 жылда әлем бойынша өмір сүру ұзақтығы 30 жылға өсті, оның 25-і вакцинацияның арқасында. Жыл сайын әлемде 1,5 миллиардтан астам адам немесе барлық халықтың үштен бірі иммундау процедурасынан өтеді. Қазақстанда жыл сайын 5 миллионға жуық адам, оның ішінде 1,3 миллион бала екпе алады. Елімізде иммундау мәселелері денсаулық сақтау саласындағы басым бағыттардың бірі болып табылады. Вакцинацияның арқасында дифтерия, сіреспе, көкжөтел, қызамық, эпидемиялық паротит, қызылша, В вирустық гепатиті, полиомиелит, туберкулез және гемофильді инфекциямен сырқаттанушылық деңгейі айтарлықтай төмендеді.

Соңғы 15 жылда ұлттық профилактикалық екпе күнтізбесі үлкен өзгерістерге ұшырады. Аурулар тізімі кеңейтілді, аралас вакциналар енгізілді. 2008 жылы гемофильді инфекцияға қарсы екпе қосылды. Медицина мамандарының айтуынша, нәтиже ұзақ күттірмеді: елде сәби өлімі 20,2 пайызға төмендеді, ал гемофильді таяқшадан туындаған менингоэнцефалиттің ауыр түрлерімен ерте жастағы балалардың ауыруы айтарлықтай азайды. 2009 жылы күнтізбеге пневмококк инфекциясына қарсы вакцинация енгізілді. Сонымен бірге эпидемиялық көрсеткіштер бойынша егу күнтізбесі жұмыс істейді, оған А гепатитіне, тұмауға, кене энцефалитіне, туляремияға, сібір жарасына және құтыруға қарсы екпе кіреді.

Бүгінде Қазақстанда 11 инфекцияға қарсы вакцинация міндетті болып табылады: оның ішінде туберкулез, дифтерия, полиомиелит, қызылша, эпидемиялық паротит, қызамық, сіреспе, көкжөтел, В гепатиті, гемофильді және пневмококкты инфекциялар бар. Көпшілік табиғи иммунитетке арқа сүйеп жатады. Иә, инфекциямен ауырған адам қайта жұқтыруға бейім емес. Бірақ мұндай иммунитеттің бағасы тым жоғары: бұл аурулардың көбісі ауыр және асқынулармен өтеді. Оның үстіне ауырып жазылған адам бактерия тасымалдаушыға және айналасындағылар үшін инфекция көзіне айналуы мүмкін, ал вакцинациядан кейін мұндай жағдай орын алмайды. Екпелердің қауіпсіздігіне қатысты кез келген күмән нақты фактілермен жоққа шығарылады: вакцина зиянсыздығы, қауіпсіздігі және тиімділігі бойынша қатаң зертханалық және клиникалық бақылаудан өтеді. Әрбір партияны өндіруші тексереді, содан кейін ол елде тіркеу кезінде мұқият тексеруден өтеді. Вакцинацияны өткізудегі кішігірім іркілістер инфекцияға бейім адамдардың көбеюіне және індеттердің өршуіне әкелуі мүмкін. Вакцинацияның көмегімен адамзат шешекті толығымен жойып, полиомиелитті жоюдың алдында тұр.

Облыстағы иммунопрофилактика саласындағы мемлекеттік саясат инфекциялық аурулардың алдын алуға, сырттан әкелінген жағдайда оларды оқшаулауға және жоюға бағытталған. Халықты вакциналау ҚР Ұлттық профилактикалық екпе күнтізбесіне сәйкес тегін жүргізіледі. Балаларымыздың амандығы дегеніміз – басқарылатын инфекциялар қаупінің болмауы, ал оған тек профилактикалық екпелерді кеңінен жүргізудің арқасында қол жеткізілді. Өңірдің қазіргі көрсеткіштері жай ғана тіркеуді емес, дереу іске көшіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуді қажет ететін қауіпті жағдайдың туындағанын білдіреді.

Ұжымдық иммунитетті қалыптастыру қажет

Мамандар инфекцияны табиғи жолмен жұқтыру вакцинациялаудың қауіпсіз баламасы болып табылмайтынын баса айтады: ауру көбінесе ауыр өтіп, асқынуларға ұласады, ал дертке шалдыққан адам қоғам үшін инфекция көзіне айналуы мүмкін. ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Айжан Комшабаеваның айтуынша, вакцина екпе алған адамды ғана емес, айналасындағыларды да қорғайды. Ұжымдық иммунитет осылай қалыптасады.

Екпемен қамту деңгейінің аздап төмендеуінің өзі ауруға бейім тұрғындар санының артуына және індеттің өршу қаупіне әкеліп соғады. Медицина мамандары атап өткендей, вакцинациямен кеңінен қамтудың арқасында бүгінде эпидемиологиялық салауаттылықты сақтап, балалардың денсаулығын қорғауға мүмкіндік бар.

ШҚО ДСБ «Ана мен бала орталығы» ШЖҚ КМК-ның жалпы практика дәрігері Гаухар Бағатбекованың айтуынша, вакцинациядан гөрі өз бетімен ауырған дұрыс деген кең таралған пікір қате әрі қауіпті. Екпе салынбаған балаларда жұқпалы аурулар, әдетте, едәуір ауыр өтеді және асқынуларға жиі әкеледі. Мәселен, көкжөтел пневмония мен тыныс алу жеткіліксіздігін, полиомиелит – қайтымсыз сал ауруын, паротит – ауыр асқынуларды, соның ішінде бедеулікті тудыруы мүмкін, ал менингококк инфекциясы өліммен жиі аяқталады.

Әсіресе, дер кезінде алдын алмаса, үнемі дерлік өлімге әкеліп соғатын құтыру ауруы аса қауіпті. Вакцинация аурудың ауыр түріне шалдығу қаупінсіз иммунитет қалыптастыруға мүмкіндік береді және жеке адам үшін де, тұтас қоғам үшін де ең сенімді әрі тиімді қорғаныс тәсілі болып қала береді.

Сондай-ақ, маманның айтуынша, вакцинация әрқашан пациенттің денсаулық жағдайы ескеріле отырып жасалады: нақты медициналық қарсы көрсетілімдер, жіті ауру немесе созылмалы дерттің асқынуы сияқты жағдайларда уақытша қарсы көрсеткіштер болады. Сондықтан екпе егу туралы шешімді дәрігер науқасты тексеріп, барлық ықтимал қауіп-қатерлер мен көрсеткіштерді бағалағаннан кейін қабылдайды.

Ерик Абитов

Нравится
Смешно
Вау!
Печалька
Кошмарно
Не нравится

Также читайте