ШҚО-да 3,7 млрд теңгеге балық өсіру жобасы жүзеге асырылады
Шығыс Қазақстан облысының Тұғыл ауылында балық өңдеу кешені мен жылына 6 млн шабақ өндіруге қауқарлы зауыт салу жоспарланып отыр. Құны 3,7 млрд теңгені құрайтын жоба аясында 200-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады.
Бүгін Павлодар қаласында Ертіс өзеніне бекіре тұқымдас балықтар жіберілді. «Ертіс - достық пен даму өзені» халықаралық форумы аясында өткен экологиялық акцияға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов, Павлодар және Абай облыстарының, Ресейдің Түмен және Омбы облыстарының басшылары қатысты.
Шығыс Қазақстанда балық өңдеумен 14 кәсіпорын айналысады. Оларға 23 балық шаруашылығы учаскесі бекітілген. Кәсіпорындардың жалпы өндірістік қуаты жылына 40 мың тоннадан асады.
Өңірдегі ірі кәсіпорындардың қатарында жылына 15 900 тонна өнім өндіретін «Төре-Тоғам» ЖШС, шамамен 7 мың тонналық қуаты бар «Дигам» ЖШС және 4 500 тоннаға дейін өнім шығаратын «Кузмич» ЖШС бар. Өңірде өндірілген өнім Еуропа елдеріне, Ресейге, Қытайға, Беларусь пен Қырғызстанға экспортталады.
Аймақта балық өңдеумен қатар, оларды жасанды жолмен көбейту және су айдындарын балықтандыру жұмыстары да қолға алынған. Атап айтқанда, көксерке, алабұға және шортан өсіру жобалары пысықталып жатыр. Солардың бірі - Зайсан көлінің жағасындағы Тұғыл ауылында «Zaisan See» ЖШС жүзеге асырып жатқан жоба. Мұнда балық өңдеу кешені мен тұйық сумен жабдықтау технологиясын қолдана отырып, балық шабақтарын өндіретін зауыт салу жоспарланған.
Жобаны ғылыми тұрғыдан сүйемелдеу үшін компания Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығымен меморандум жасасты. Ал тұйық сумен жабдықтау жүйесін орнатуға қажетті техникалық құжаттама Қытайдың eWater компаниясынан алынған.
Балық өңдеу кешенін салу үшін ауданы 3 гектар жер телімі рәсімделді. Бұдан бөлек, балық ресурстарын молайту кешеніне тағы 4 гектар жер бөлу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар Тұғыл ауылында балық шаруашылығы саласына мамандар даярлайтын колледж ашу көзделген. Компанияның есебінше, жоба он жыл ішінде бюджетке шамамен 6 млн еуро салық түсімін қамтамасыз етіп, өнім өткізу көлемін 17 млн еуродан асыруға мүмкіндік береді.


