ШҚО-да алғаш рет «Жас мерген» телетурнирі басталды
Бүгін Шығыс Қазақстанда алғаш рет мектеп оқушылары арасында дәстүрлі садақ атудан «Жас мерген» облыстық телетурнирі басталды. Мергендер жарысының ашылу салтанатына аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов қатысты.
«Садақ ату — халқымыздың ежелден келе жатқан ұлттық мұрасы, батырлық пен мергендіктің нышаны. Бұл спорт түрі жас ұрпақтың рухын көтеріп, ерік-жігерін шыңдап, тереңде жатқан тарихымызға үңілдіре түседі. Барша қатысушыларға сәттілік тілеймін! Жебелеріңіз нысанаға дөп тие берсін!», — деді облыс әкімі.
Облыстық «ALTAI» телеарнасы мен «Керемет садақ ату» орталығы бірлесіп ұйымдастырған телетурнирге ШҚО әкімдігі қолдау көрсетті. Жарысқа 9-10 сыныпта оқитын 80-нен астам оқушы қатысып жатыр. Жартылай финал мен финалда олар жамбы ату бойынша сынға түседі.


