ШҚО-да еліміздің үздік ақыны анықталды

11 июля 2026, 13:45
Сейчас читают:
ШҚО-да еліміздің үздік ақыны анықталды ШҚО-да еліміздің үздік ақыны анықталды
ШҚО-да еліміздің үздік ақыны анықталды

Катонқарағай ауылында қазақтың көрнекті ақыны Ақтан Нұрбаевтың 100 жылдығына арналған «Ақтанымын Алтайдың» республикалық ақындар айтысы өтті, деп хабарлайды YK-news.kz.

Айтыста Шығыс Қазақстан облысының намысын қорғаған Серік Қуанғанның бас жүлде Hyundai Tucson автокөлігін жеңіп алуы ауқымды шараның шарықтау шегі болды.

Ашық аспан аясында таудың саф ауасы кеудені кернеп, асқақ Алтай шыңдары табиғи декорацияға айналған Катонқарағай жерінде «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалінің ең жарқын оқиғаларының бірі өтті. Тау етегінде орнатылған үлкен сахнада қазақ айтысының майталмандары бас қосты.

«Ақтанымын Алтайдың» республикалық айтысы белгілі ақын Ақтан Нұрбаевтың туғанына 100 жыл толуына арналды. Шараны облыс әкімдігінің қолдауымен Шығыс Қазақстан облысының мәдениет басқармасы мен Шығыс Қазақстан облыстық филармониясы ұйымдастырды.

Айтысты ақын, профессор, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтай жүргізді.

– Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Айтыстың дәл осы Алтайдың көркем жерінде өтуі – бай тарихи мұра, бірегей мәдениет пен таңғажайып табиғат тоғысқан осынау өлкемен одан да көп адамның танысуына мүмкіндік береді, – деп атап өтті Аманжол Әлтай.

Айтыста еліміздің он екі ең үздік суырыпсалма ақыны бақ сынасты. Қарағанды, Павлодар, Маңғыстау, Түркістан, Жамбыл, Абай облыстары, Астана және Шымкент қалаларының өкілдері өнерлерін паш етті. Шығыс Қазақстан облысының намысын Серік Қуанған мен Жұлдызай Маратбекқызы қорғады.

Ақындар Алтайдың табиғатын, Ақтан Нұрбаевтың бай мұрасын жырға қосып, Отанға деген сүйіспеншілік, тәуелсіздік, ұлттық құндылықтар, халықтың бірлігі мен ұрпақтар сабақтастығы жайында сөз тарқатты. Бар өнерін көрсеткен сөз шеберлері көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Қатысушылардың шеберлігін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерман бастаған беделді қазылар алқасы бағалады. Сондай-ақ қазылар алқасының құрамына белгілі ақындар, жазушылар және айтыс өнерінің майталмандары кірді.

Дүбірлі доданың бас жүлдесін Шығыс Қазақстан облысының өкілі Серік Қуанған иеленген болатын. Су жаңа Hyundai Tucson көлігінің кілтін ақынға ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов табыс етті. Жүлдегерлер мен айтыс қатысушылары да ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Кештің тағы бір әсерлі сәті – айтыс өнерінің жанашыры Жүрсін Ерманға арнайы құрмет көрсетілуі болды. 75 жылдық мерейтойына орай өңір басшысы оған Hyundai Santa Fe автокөлігінің кілтін табыстады.

– Бүгін ол 75 жасқа толып отыр. Бұл тек Жүрсін Ерманның ғана емес, бүкіл қазақ халқының мерекесі. Бұл заманауи айтыстың туған күні және бұл автокөлік оған біздің жасаған сыйлығымыз, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Кеш мерекелік концертпен аяқталды. Көрермендер алдында Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының үздіктері Әсел Қыдырханова мен Нұржан Шөкенов, сондай-ақ «Дарабоз» тобы өнер көрсетті.

«Ақтанымын Алтайдың» айтысы ақындық шеберлік сайысы болып қана қоймай, қазақ мәдениетінің нағыз мерекесіне айналды. Әрбір тасында тарих тұнып тұрған көне Алтай аясында Отан, ата-баба мұрасы мен рухани құндылықтар туралы жыр төгіліп, айтыс өнерінің халықтың жанды үні болып қала беретіні тағы бір мәрте дәлелденді.

Ерик Абитов
Автордың фотосы

Нравится
Смешно
Вау!
Печалька
Кошмарно
Не нравится

Также читайте