ШҚО әкімі балалар лагерьлеріне қатысты тапсырма берді

2 часа назад
Сейчас читают:
ШҚО әкімі балалар лагерьлеріне қатысты тапсырма берді ШҚО әкімі балалар лагерьлеріне қатысты тапсырма берді
ШҚО әкімі балалар лагерьлеріне қатысты тапсырма берді

2026 жылы Шығыс Қазақстан облысындағы мектеп оқушыларының барлығы дерлік жазғы демалыспен қамтылады.

ШҚО Білім басқармасының басшысы Қуат Оқасов көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан баланың барлығы, яғни 8525 оқушы балалар сауықтыру лагерлеріне жолдама алатынын хабарлады. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 86,8 миллион теңге бөлінген.

Балалардың негізгі бөлігі қазір жұмыс істеп тұрған демалыс ұйымдарының желісі базасында жазғы демалысты ұйымдастырудың түрлі формаларымен қамтылатын болады. Бүгінде өңірде 513 сауықтыру орталығы жұмыс істейді, оның ішінде 11 қала сыртындағы лагерь (8 мемлекеттік және 3 жекеменшік), мектеп жанындағы лагерьлер мен бейінді алаңдар бар.

Қала сыртындағы лагерьлерде 9 720 оқушыны сауықтыру жоспарланған. Сондай-ақ 23 366 баланы қамтитын 276 мектеп жанындағы лагерь және 60 668 оқушыны қамтуға тиісті 226 бейінді алаң жұмыс істейтін болады.

Осылайша, жазғы демалыс жүйесі қала сыртындағы және мектеп жанындағы лагерьлерді, бейінді білім беру алаңдарын үйлестіре отырып, оқушылардың барлық санаттарын дерлік қамтиды.

Қала сыртындағы лагерьлерді жазғы маусымға дайындау жұмыстары басталып қойды. Осы іс-шаралар аясында егеуқұйрықтарға, масалар мен кенелерге қарсы өңдеу, балалар шомылатын орындардың түбін тексеру және қызметкерлерді даярлау жүргізіледі.

Жазғы демалысты ұйымдастыруға барлығы 1230 тәрбиеші мен тәлімгер, 1224 қосымша білім беру педагогы, сондай-ақ 250 медицина қызметкері тартылады.

— Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті маусым басталар алдында лагерьлерді тексеріп, барлық рұқсат құжаттарының болуын қамтамасыз етуі қажет, — деп тапсырды ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов. — Барлық ескертулер жойылғаннан кейін ғана рұқсат берілуі тиіс. Төтенше жағдайлар департаменті өрт қауіпсіздігі мен су айдындарындағы бақылауды күшейтуі қажет. Полиция департаментіне балаларды тасымалдау кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу тапсырылады.

Нравится
Смешно
Вау!
Печалька
Кошмарно
Не нравится

Также читайте