ШҚО әкімі Катонқарағай ауданында болды
Сапар барысында Ермек Көшербаев орталық қазандық пен жылу желілерін қайта құру бойынша жұмыстардың барысымен танысты, сондай-ақ полиция бөлімі мен аудандық ауруханаға барды.
Облыс әкіміне аудан орталығында сумен жабдықтау жүйесі құрылысының барысы туралы баяндалды. Мердігер ұйым өкілінің айтуынша, жобаға сәйкес 69 шақырым құбыр салынады.
— Мамандар суды, электр энергиясын және жылуды пайдалану есебін жүргізіп, профицит, тапшылық тарапынан қарауы қажет, — деп атап өтті өңір басшысы. — Аяқтағаннан кейін сізге облыс әкімдігі алдында атқарылған жұмыстар туралы есеп беру қажет болады. Осы есепке сәйкес қаражат бөлінеді.
Катонқарағай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Расул Қарабалинов ауылда әкімшілік ғимараттар, әлеуметтік нысандар және төрт тұрғын үй қосылатын жаңа жылыту жүйесін пайдалануға беру жоспарланып отырғанын хабарлады. Орталық қазандықтың ескі ғимараты болашақта техника мен көмірді сақтайтын орын ретінде пайдаланылатын болады.
Сонымен қатар, Ермек Көшербаев аудандық полиция бөліміне барды. Ғимарат 1970 жылдары салынған. Пайдалануға берілген сәттен бастап мұнда ешқашан күрделі жөндеу жүргізілген жоқ. Полиция ғимаратының жай-күйін көріп, аймақ басшысы нысан жақын арада толық жөндеуден өтеді деп уәде берді.
— Жақында қаражат бөлінеді. Егер бәрі жоспарға сәйкес болса, ғимарат толығымен қалпына келтіріледі. Әрине, мұндай тозған ғимаратта жұмыс істеу қиын. Сондықтан бұл мәселе шешімін табады, — деді Ермек Көшербаев.
Облыс әкімі жұмыс сапарын аудандық ауруханада аяқтады. Мұнда ол мекеме ұжымымен кездесіп, медициналық қамтамасыз ету жағдайымен танысып, науқастармен сөйлесті.
— Жыл басынан бері ауданымыз қайта жанданып, қозғалыс басталды, — деп бөлісті ауданның құрметті ақсақалы, еңбек ардагері Жомартхан Абрайымов. — Аудан орталығы шынымен де дамып келеді. Ауыз су, жылу беру жолға қойылды, жаңа тұрғын үйлер салынды, жолдар жөнделді, үлкен жұмыстар жүргізілуде.
Өңір басшысы ауылдық жерлерде денсаулық сақтау, білім беру, құқық қорғау органдары саласында жұмыс істеуге жас мамандарды тарту үшін тиісті жағдай жасау қажеттігін атап өтті.


