ШҚО әкімі Самар ауданының негізгі даму бағыттарын айқындады
Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Самар ауданының тұрғындарымен есеп беру кездесуін өткізді.
Самар ауданын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған жоспары бекітілді.
Ауданның одан әрі дамуы үшін берік негіз болатын салалар: тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес, жоғары туристік әлеует.
Осы жылдың 7 айында ауданда ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,5%-ға ұлғайып, 5,2 млрд теңгені құрады. Өңірде 385 шаруа қожалығы жұмыс істейді.
Мал шаруашылығы да дамып келеді. Ауданда сыйымдылығы 200 бас болатын бір бордақылау алаңы жұмыс істейді. Жеті айда шаруашылықтардың барлық санаттарында 2,7 мың тонна ет өндіріліп, 3,6 мың тонна сүт сауылды.
Самар ауданында суармалы егіншілікті дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Бекітілген 4,7 мың гектар алаңның 2026 жылы 1,2 мың гектары суарылуда, бұл өткен жылдан 2,3 есе артық.
Заманауи суару технологиялары белсенді түрде енгізілуде. Самар аграрлық-техникалық колледжі «Еңбек-Агро» серіктестігімен бірлесіп, күнбағыстың 220 гектар алқабында тамшылап суаруды және жүгерінің 86 гектар алқабында жаңбырлатып суаруды жүзеге асырды.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов аудан әкімі мен құзырлы басқарма басшыларына пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға тартуды жандандыру және жем-шөп базасын нығайту міндетін қойды.
Бүгінде ауданда туристерді орналастыратын 50-ден астам орын тіркелген. Бірінші жартыжылдықта 7 мыңға жуық турист келді, бұл ретте орналастыру саласындағы қызметтер көлемі 41%-ға ұлғайып отыр.
Туризмді тиісті инфрақұрылымсыз дамыту мүмкін емес. 2025-2026 жылдары «Көкпекті-Самар-Васильев өткелі» жолының 51 шақырымы жөнделді. Ұялы байланыс сапасы жақсартылды. Жағалауды абаттандыру, қауіпсіздік деңгейін жоғарылату және демалушыларға жайлы жағдай жасау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Миролюбовка ауылында жүріп-тұруы шектелген азаматтар үшін санитарлық-гигиеналық модуль орнатылды, ал 2026 жылдың ақпан айында тұрғындар мен демалушыларға қызмет көрсететін жаңа фельдшерлік-амбулаториялық пункт ашылды.
Келешегі бар жобалардың бірі - Бұқтырма су қоймасының жағалауында «Арбат» туристік-рекреациялық аймағын құру. Қазіргі уақытта тиісті жоба әзірленуде. Бұдан бөлек, «Pana Asia» қонақ үй компаниясымен бірлесіп, инвестиция көлемі шамамен 2 млрд теңгені құрайтын заманауи қонақ үй салу жоспарланған. Нұрымбет Сақтағанов туристік салаға жаңа инвестициялар тарту және қолданыстағы жобаларды сүйемелдеу бойынша жұмысты жандандыру қажеттігін атап өтті.
Самар ауданының жол желісінің ұзындығы 465,5 шақырымды құрайды.
Биыл ауданда облыстық маңызы бар 46 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізіліп жатыр.
Самар ауданында «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін осы жылы 35 бірқабатты үй (70 пәтер) салу жоспарланған.
Ауданда 22 елді мекеннің 17-сі немесе халықтың 96%-ға жуығы интернетпен қамтылған. Облыс әкімі Самар ауданының әкімі мен ШҚО Цифрландыру және архивтер басқармасына қалған елді мекендерді интернет және байланыс қызметтерімен қамтамасыз ету жоспарын әзірлеуді, ықтимал техникалық шешімдер мен іске асыру мерзімдерін айқындауды тапсырды.


