ШҚО-ның 101 кәсіпорны қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізілді
Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырыс өтті. Оған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты. Жиында отандық тауар өндірушілерді қолдау, импортқа тәуелділікті азайту және жергілікті кәсіпорындардың өндірістік әлеуетін арттыру бағыттарында атқарылып жатқан жұмыстар жайы талқыланды.
Мемлекеттік қолдау тетіктері мен өңірлік бағдарламалардың нәтижесінде ШҚО-да жүздеген жоба қаржыландырылып, кәсіпорындар арасында жаңа өндірістік байланыстар қалыптасуда.
2026 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша облыстағы 80 жоба субсидиялау және кепілдік беру түріндегі мемлекеттік қолдауға ие болды. Бұл жобаларды жүзеге асыруға өңір экономикасына 21 млрд теңгеден астам несие қаражаты тартылды. Осы мақсаттарға қарастырылған 1,3 млрд теңге бюджет қаражаты толық игерілді.
Кәсіпкерлікті қаржыландыруда «Ақ-Ниет» және «Өрлеу» өңірлік бағдарламалары да маңызды рөл атқарады. Аталған бағдарламалар аясында жалпы сомасы 11,4 млрд теңгеге 377 жоба қаржыландырылды. Бұл шағын және орта бизнестің дамуына, жаңа өндірістердің ашылуына және кәсіпорындардың жұмыс ауқымын кеңейтуіне мүмкіндік береді.
Өңір экономикасының маңызды салаларының бірі — агроөнеркәсіптік кешен де мемлекеттік қолдаудан тыс қалған жоқ. Саланы дамытуға 80 млрд теңгеден астам қаражат бағытталды. Қаржыландыру субсидиялау, жеңілдетілген несие беру, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу және егіс жұмыстарын жүргізу бағыттарын қамтиды.
Отандық өндірісті дамытудың маңызды көрсеткіштерінің бірі - тауарлар мен қызметтерді сатып алудағы қазақстандық қамту үлесі. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстанда сатып алу көлемі 212,7 млрд теңгені құрады. Оның 83,2 млрд теңгесі немесе 39,1 пайызы қазақстандық тауар өндірушілердің үлесіне тиесілі.
Сонымен қатар қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне облыстың 101 кәсіпорны енгізілді. Бұл жергілікті компаниялардың өз өнімдерін ірі тапсырыс берушілерге ұсынуына және жаңа өткізу нарықтарына шығуына жол ашады.
Отандық өндірушілер мен ірі кәсіпорындар арасындағы кооперацияны нығайтуда офтейк-келісімшарттар мен ұзақ мерзімді меморандумдардың маңызы зор. 2023 жылдан бері өңірде отандық тауар өндірушілермен жалпы сомасы 20 млрд теңгеден асатын 200 осындай келісім жасалған.
Өңірдегі импортты алмастыру және жергілікті өндірісті дамыту бағытында «Казцинк» ЖШС ерекше рөл атқарады. Компания шағын және орта бизнестің 2 мыңға жуық субъектісімен ынтымақтастық орнатқан. Сонымен бірге отандық өндірушілермен жалпы сомасы 24 млрд теңгеден асатын офтейк-келісімшарттар мен меморандумдарға қол қойған.
«Компанияның өндірістік кешендерін жаңғырту да импортты алмастырудың нақты нәтижесін көрсетеді. Соның ішінде «Казцинкмаш» кешенін жаңғырту аясында өнімнің 1 000-нан астам жаңа түрі игеріліп, өндіріс көлемі екі еседен астам өсті. Бұл жергілікті өндірістің мүмкіндігін кеңейтіп қана қоймай, бұрын сырттан жеткізілген өнімдерді өз өңірімізде шығаруға мүмкіндік беріп отыр», — деп хабарлады ШҚО Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасынан.
Отандық тауар өндірушілерді қолдау — тек қаржылай көмек көрсету емес, сонымен қатар жергілікті кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, тұрақты өндірістік байланыстар қалыптастыруға бағытталған маңызды жұмыс. Шығыс Қазақстанда бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Негізгі басымдық — жергілікті өнімнің үлесін арттыру және жаңа өндірістерді дамыту.
Фотоны облыс әкімінің баспасөз қызметі ұсынды


