«Таза Қазақстан» бастамасы аясында ШҚО-да Қара Ертіс өзеніне 93 мыңнан астам сібір бекіресі жіберілді
Табиғи байлықтарды сақтау нақты істер мен әр буынның белсенді қатысуынан басталады. Шығыс Қазақстан облысында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы аясында су биоресурстарын қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Осындай шаралардың бірі — Қара Ертіс өзенін сібір бекіресімен балықтандыру. Экологиялық акцияға табиғатты қорғау саласының мамандарымен қатар «Жануар сақшылары» мектеп клубының жас табиғат жанашырлары да қатысты.
Ағымдағы жылдың шілде айынан қазан айына дейін Зайсан ауданындағы Қара Ертіс өзеніне әртүрлі жастағы 93 420 сібір бекіресі жіберілді. Жұмыстар Боран ауылының маңындағы көпір тұсында жүргізілді. Іс-шаралар мемлекеттік тапсырыс аясында жүзеге асырылып, балық қорын молайтуға және сирек кездесетін түрді сақтауға бағытталған.
Іс-шараға мектеп оқушыларының қатысуы ерекше мәнге ие болды. Мамандармен бірге балықтандыру жұмыстарына Құмаш Нұрғалиев атындағы лицейдің оқушылары — «Жануар сақшылары» табиғат қорғау клубының мүшелері қатысты. Бұл балалар үшін туған өлкенің табиғаты туралы білімдерін арттырып қана қоймай, оны сақтауға өз үлестерін қосуға берілген мүмкіндік болды.
«Су биологиялық ресурстарын қалпына келтіру — жануарлар дүниесін қорғау мен өңірдің табиғи тепе-теңдігін сақтаудың маңызды бағыттарының бірі. Сонымен қатар мұндай шараларға балалар мен жастарды тартудың маңызы зор. Өйткені балалар табиғатты қорғау туралы ақпаратты тыңдап қана қоймай, осындай экологиялық акцияларға өздері қатысқан кезде қоршаған ортаға деген жауапкершілігі артады. Өскелең ұрпақтың экологиялық мәдениеті осындай бастамалар арқылы қалыптасады», — деп атап өтті Шығыс Қазақстан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы жануарлар дүниесін қорғау бөлімінің басшысы Бауржан Аубакиров.
Мұндай іс-шараларды өткізудің қажеттілігі Ертіс өзені экожүйесіндегі өзгерістермен де байланысты. Гидроэлектр станциялары каскадының салынуы балықтардың табиғи көші-қон жолдарын және уылдырық шашатын жерлерге жету мүмкіндігін шектеді. Бұл сібір бекіресінің санының азаюына әсер етті. Сондықтан балықтарды қолдан көбейту және су айдындарына жіберу жұмыстары аталған түрдің популяциясын қолдауға әрі Ертіс бассейнінің биоалуантүрлілігін сақтауға мүмкіндік береді.
Іс-шараға сондай-ақ Зайсан және Марқакөл орман шаруашылықтарының, «Балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу орталығы» ЖШС Алтай филиалының, «Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы» РММ-нің, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Орман және аңшылық шаруашылығының жедел жасағы» КММ-нің өкілдері қатысты.
Су айдындарын балықтандыру — өңірдің табиғи мұрасын сақтауға бағытталған маңызды жұмыстардың бірі. Ал мектеп оқушыларының осындай акцияларға қатысуы табиғатты қорғау қызметін экологиялық ағартумен ұштастыруға мүмкіндік береді. Өйткені табиғатқа қамқорлық жасау — тек мамандардың міндеті емес, әр адам бойына бала кезден сіңірілуі тиіс құндылық.
Осындай бірлескен бастамалар «Таза Қазақстан» идеясын нақты істермен жүзеге асырудың көрінісі. Оның басты мақсаты — қоғамды ортақ іске жұмылдыра отырып, еліміздің табиғи байлықтарын сақтау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды насихаттау.


