Жалынға қарсы тұрған батырлар
Кеше ШҚО Зайсан ауданында қамыс пен құрғақ шөптің жануынан өрт шығып, дер кезінде толық сөндірілді. Тілсіз жау батпақты, өту қиын жерде тұтанып, шамамен 840 гектар аумақты шарпыған болатын. Осы тілсіз жаумен күресте батылдық танытқан құтқарушылардың еңбегін ерекше атап өткен жөн.
Табиғаттың дүлей күшімен бетпе-бет келгенде, бірінші болып қауіптің ортасына аттанған — өрт сөндірушілер мен тікұшақтағы экипаж мүшелері еді. Тұтанған өртті сөндіру бірнеше сағатқа созылды. Мамандар ештеңеден тайсалмай, бар күш-жігерін салды. Әуеде қалықтап жүріп, отқа су бүріккен тікұшақтардың әр қозғалысы — нақты есеп пен шеберліктің көрінісі.
— Kазспас жұмысы туралы нақты айта алмаймын, өйткені олардың неше рет су шашқанын немесе қалай жұмыс істегенін бақылаған жоқпын. Ал өзімізге келсек, өрт туралы хабар түннің бір уағында, бәлкім, таңға жуық берілген сияқты. Маған бұл ақпарат таңғы сағат 5-те жетті, — деді Ми-8МТВ тікұшағының екінші пилоты Максим Сизов.
Оның айтуынша, ұшуға шақырту алғаннан кейін жергілікті уақыт бойынша 8:30 шамасында өрт орнына жеткен.
— Біз барған кезде өрт көлемі шамамен 11 600 гектар жерді қамтып үлгеріпті. Бірден өрт аумағын бағамдап, бортта отырған мамандарға жағдайды көрсеттік. Сол жерде есептеу жүргізіп, өрттің нақты аумағын белгіледік. Бірнеше өрт ошағы болды. Біз бірден сөндіру жұмыстарына кірістік. Жердегі қызметтермен бірлесіп жұмыс істедік. Алғашқы жанармай құюға дейін 26 рет су төгіп үлгердік, — деді ол.
Әрбір су төгудің орташа салмағы 2,5 тонна десек, өрт сөндіруге барлығы 75 тоннадан астам су қолданылған. Экипаж өкілі желдің бағыты қолайлы болғанын, бұл өрттің таралуына да, сонымен қатар сөндіру жұмыстарына да әсер еткенін атап өтті.
— Жел өртті күшейткені рас, бірақ біз оны дұрыс пайдалана білдік. Бұған дейін де бірнеше рет ұшақ арқылы өрт сөндіру жұмыстарын жүргізген едік. Басты мақсатымыз — түске дейін өртті оқшаулап үлгеру еді, өйткені түстен кейін жел күшейіп, жалынды бақылау мүмкін болмай қалуы мүмкін. Алға қойған мақсатымызға жеттік. Түске дейін тығыз жұмыс істедік. Кейін тағы бір рет жанармай құйып, қалған ошақтарды сөндірдік. Егер қателеспесем, өртті сөндіру басшысы сол күні кешке локализация берді, яғни өрт аумағы толық бақылауға алынды. Қуаныштысы, бұл жолы да бір күннің ішінде жұмысымызды сәтті аяқтадық, — деп қорытындылады ол.
Төтенше жағдай болғандықтан, тікұшақ экипажы төрт адамнан құралды. Әдетте Ми-8МТВ үлгісіндегі тікұшақтардың стандартты экипажы үш адамнан тұрады: командир, екінші ұшқыш және бортмеханик.
— Алайда бұл жолы біз тапсырманың күрделілігіне байланысты төрт адам болып ұштық. Тікұшақ командирі Алексей Самарцев, бортмеханик инструктор Айдар Мамырханов және бортмеханик Дмитрий Серов. Экипаж құрамына қосымша бір бортмеханик алдық. Мұндай шешім жұмыстың нақты, үйлесімді және жедел орындалуы үшін қажет болды, — дейді экипаж мүшесі.
Бортта су төгетін құрылғы орнатылған. Бұл құрылғымен жұмыс істеу үшін екі бортмеханик қажет: біреуі кабинада қалып, командирге бағыт-бағдар беріп отырады, ал екіншісі су төгу жұмысына тікелей жауапты.
— Командир су жинау кезінде тікұшақпен ілініп тұрған сәтте астындағыны көрмейді, тек экипаж мүшелерінің көмегіне сүйенеді. Бұл жерде бортмеханик — командирдің «көзі мен құлағы». Ол дауыс арқылы метрлеп, сантиметрлеп бағыт беріп, командирдің іс-әрекетін басқарады, — деп түсіндірді ұшу тобының мүшесі.
Осындай үйлесімді жұмыс пен тәжірибенің арқасында өрт сөндіру операциясы табысты аяқталды. Өрттің елді мекендерге таралу қаупі болмады, адам өміріне қауіп төнген жоқ.
Өртпен күреске 400-ден астам адам мен 70 техника, оның ішінде Төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті атқарушы органдардың күштері жұмылдырылды. Желдің күші кей жерлерде 20 м/с дейін жетіп, өртті ауыздықтауға едәуір кедергі келтірді. Жердегі әрекеттерден бөлек, Ми-8 тікұшақтары арқылы әуеден сөндіру шаралары жүргізіліп, өрт толықтай сағат 19:30-да сөндірілді.