Жастар және заң: ШҚО-да студенттердің құқықтық сауаттылығы арттырылуда
Өскемен экономика және техника колледжінде «Заң және жастар» атты диалогтық алаң «Заң және тәртіп» идеологемасы аясында өтті. Іс-шараның мақсаты – жастардың құқықтық мәдениетін арттыру, азаматтық ұстанымын нығайту және жауапты мінез-құлық қалыптастыру.
Кездесу спикері – Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының аға инспекторы, полиция капитаны А. Төкенова. Ол қатысушыларға әкімшілік және қылмыстық құқықбұзушылықтардың салдары туралы жан-жақты түсіндіріп, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық мәселелеріне ерекше назар аударды. Сондай-ақ нашақорлықтың алдын алу, «дроперлік» құбылысы, интернет-алаяқтық және басқа да заманауи қауіптер жайында ақпарат берді.
Студенттерге құқық қорғау органдарының жұмыс механизмі, заңсыз әрекеттер үшін жауапкершілік шаралары, интернет кеңістігінде қауіпсіздік ережелері туралы толыққанды түсініктемелер ұсынылды. Жастар жеке және цифрлық қауіпсіздікке қатысты, сонымен қатар есірткі таратуға немесе заңсыз схемаларға тартудың алдын алу мәселелеріне байланысты барлық сұрақтарына нақты жауап алды.
Диалогтық алаң жұмысы жастардың құқықтық, қаржылық және цифрлық сауаттылығын арттыруға, заңға деген құрметті нығайтуға, құқыққа қайшы әрекеттерге қарсы иммунитет қалыптастыруға және цифрлық дәуір жағдайында сыни ойлау қабілетін дамытуға ықпал етті.


