Шығыс Қазақстан облысында 2023 жылы Сібе көлдеріне кіреберіс жолдар жөндеуден өткізілді.
Жоспарланған жөндеу жұмыстары туралы мәліметті ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мамандары келтірді. Мәселен, ағымдағы жылы жөнделетін 96 нысанның 87-сіндегі жұмысты биыл аяқтау жоспарланған.
Сондай-ақ, ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, 2023 жылы облыстық және аудандық маңызы бар жолдарға, сондай-ақ елді мекендердің көшелеріндегі жөндеу жұмыстарын қаржыландыруға шамамен 25,3 миллиард теңге бөлінбек.
Мысалы, көпірлер құрылысы мен қайта жаңартуға 5,17 миллиард теңге қарастырылған. Қаражаттың басым бөлігі Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысын жалғастыруға бағытталған. Айта кетейік, бұл жобаға облыс республикалық бюджеттен 15 миллиард теңге көлемінде қосымша траншқа сұраныс берген.
Ал Күршім ауданындағы Тентек арнасы арқылы өтетін көпірді қайта жаңғырту жұмыстары аяқталған. Аталған жұмыстар өткен жылы басталып, биылғы жылы тағы 17 миллион теңге бөлінген. Қазіргі таңда көпір қолданысқа берілген.
Облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуге 14,2 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаражатқа 263 шақырым жол жабыны жөнделеді. Атап өтерлігі, шілде айында ең ірі ағымдағы жол жобаларының бірі — Өскемен-Алматы тас жолын жөндеу жұмыстарады аяқталады.
Облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды орташа жөндеуге сегіз миллиард теңге қарастырылған. Негізгі жұмыстар Өскемен-Тарғын-Самар жолының үш учаскесінің: 15-тен 30-ға дейінгі, 30-дан 45-ке дейінгі және 85-тен 93-ші шақырымдар аралығында жүргізіледі. Сондай-ақ, өңірдегі Күршім - Марқакөл автожолы (30 км), Сібе көлдеріне кіреберіс (25 км) және Ақжар ауылынан Майқапшағай жолына дейінгі жол, Шілікті - Зайсан (27 км), Ақжар – Шілікті (15 км) учаскесі және басқалары жөнделеді.
— «Ауыл - ел бесегі» бағдарламасы аясында аудандық маңызы бар 15 шақырым жолды жөндеуге 361 миллион теңге бағытталады, —деп атап өтті ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов.
4,2 миллиард теңге облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды ұстауға қарастырылған. Жұмыстың бұл санатына шұңқырларды жамау, жол белгілерін ауыстыру және орнату, қиыршық тасты жолдарды тегістеу, қоршауларды жөндеу және орнату, жол жиектерін нығайту және жол белгілерін салу жұмыстары кіреді.
— Елді мекендердің көше-жол желісін жөндеуге және орнатуға алты миллиард теңге қарастырылған, — деп атап өтті Нұржан Сайлаубекұлы.
Көзделген шығындар қатарына Өскемен қаласында іске асырылатын жұмыстар да енген, атап айтқанда Сәтбаев даңғылы мен Жібек жолы көшесінің қиылысындағы көлік тармағын салу, трамвай жолдарын қайта жаңарту және жаңғырту, Белинский, Карбышев және Базовой көшелерін қайта жаңарту.
«Ауыл - ел бесегі» бағдарламасы аясында аудандарда қосымша 81 шақырым көше жөнделеді. Ал жергілікті бюджет қаражаты есебінен елді мекендерде тағы 35 шақырым жол ретке келтірілетіндігі мәлім.
— Биыл жол активтері сапасының ұлттық орталығы облыстық маңызы бар жолдардағы жөндеу жұмыстарының сапасын бақылауды күшейтетінін атап айтқым келеді, — деп толықтырды басқарма басшысы.
Тексерулер қалалар мен аудандарда да өтеді.
Нұржан Жұмаділов:
— Мен жоспарланған барлық жұмыстарды жүзеге асырамыз және облысымыздағы сапалы жолдардың үлесі 92 пайызға дейін жететіндігіне сенімдімін,-деп сөзін қорытындылады.

