ШҚО-да жүрекке жоғары технологиялық ота жасаудың жаңа әдісі енгізілді

8 августа 2022, 7:46
Сейчас читают:

Бұрын мұндай ем алу үшін пациенттер Нұр-Сұлтан қаласына немесе шетелге баруға мәжбүр болатын, деп хабарлайды YK-news.kz тілшісі.

Жүректің радиожиілік катетері абляциясы жүрек ырғағының бұзылуын реттеуге бағытталған. ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, бұрын осындай дертке шалдыққан науқастарға ем алу үшін елордаға немесе шетелге баруға тура келетін. Енді жоғары технологиялық медициналық көмек облыс тұрғындарына МӘМС аясында қолжетімді болып отыр.

Өскемен қаласының тұрғыны Оралбек Мамырқанов екі жыл бұрын жүрегінің еш себепсіз тез соғып кететіндігін байқаған. Ентігу, тұрақты әлсіздік пайда болып, бойын қорқыныш билей бастаған. Осы уақыт ішінде ол бірнеше рет ауруханаға түсіп, емделді. Бірақ жағдайы сол күйі жақсармады.

— Мен небәрі 65 жастамын. Қоғамға, отбасыма өз пайдамды тигізгім келеді. Туыстарым қатты қобалжыды. Қазір өзімді жақсы сезініп тұрмын. Ауруханадан шығуға дайындалып жатырмын. Инновациялық медицина бөлімшесінің дәрігерлеріне алғысым шексіз. Ал медициналық сақтандырудың арқасында маған бұл көмек еш ақысыз көрсетілді, — дейді азамат.   

Жақында 65 жастағы ер адам облыстық мамандандырылған медициналық орталықтың инновациялық медицина бөлімшесіне түскен. Онда дәрігерлер электрофизиологиялық зерттеулер жүргізді. Содан кейін олар жүрек ырғағын бұзатын нервтердің радиожиілік абляциясын жасауды ұйғарды.

Айта кетейік, радиожиілік абляциясы жіңішке икемді микрокатетер-бағыттауыш арқылы жүзеге асырылады. Ол қан тамыры арқылы енгізіледі және жүректегі ырғақ бұзылуларының көзіне жеткізіледі. Әрі қарай осы өткізгіштің бойымен жүрек ырғағының бұзылуына жауапты тіннің аймағын бұзатын радиожиілік импульсі қолданылады.

— Инновациялық медицина бөлімшесінде жүрек ырғағының бұзылуын емдеуде интервенциялық аритмологияны дамытуды ойластырып жатырмыз. Науқастарға бұл дер кезінде көмек көрсету арқылы ишемиялық инсульт, миокард инфарктісі, кардиологиялық препараттарды қолдану қаупінің алдын алады, — деп түсіндірді медициналық мекеме мамандары.

Нравится
Смешно
Вау!
Печалька
Кошмарно
Не нравится

Также читайте