Қазақтың ұлы ақынының өмірінен бұрын белгісіз фактілер ашылды

30 мая 2023, 4:43
Сейчас читают:

Белгілі тарихшы Әлкей Марғұлан қазақ халқы үшін Мағжан Жұмабаевтың поэзиясы ағылшындар үшін - Шекспирдің, орыстар үшін – Пушкиннің шығармалары сияқты маңызға ие деп есептеген. Жас романтик ақын Шығыстан шыққан жарықты көріп, Қазақстанның барлық талантты адамдарын біріктіру туралы арманын қастерлеген болатын, бірақ оның өмірі НКВД жұмысының нәтижесінде  ерте қиылды.  Облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының әдеби қонақ бөлмесінде болған  жазушы Алдияр Әубәкіров Жұмабаевтың өмірбаянының таңғаларлық және әлі күнге дейін белгісіз фактілерін  жариялады.

Ақын жолы

Мағжан 1893 жылы 25 маусымда Ақмола губерниясының Петропавл уезінде болыстық басқарушының (қазақ шенеунігі, уезд бөлінген әкімшілік-аумақтық бірліктің басшысы – редакция еск.) отбасында дүниеге келген.   Төрт жасынан бастап әкесінің өз балалары мен туыстары үшін ашқан мектепте оқып, білім ала бастайды. Содан кейін медресені, Уфадағы "Галия" жоғары мұсылман діни мекемесін және Омбыдағы мұғалімдер семинариясын бітірді. Соңғысын - алтын медальмен тәмамдапты.  Мұнда Мағжан қазақ зиялыларының да, орыс зерттеушілері мен жазушыларының да көптеген көрнекті қайраткерлерімен танысып, достасады. Сондай-ақ, семинарияда оқып жүргенде, жас жігіттің өзі шығармашылықпен айналысып,  шығармаларын басып шығара бастады.

Омбыда Жұмабаев "Алаш" партиясының облыстық комитетінің құрамына енгізіліп, бірақ көп ұзамай бұл ұйымға қатысудан бас тартқан. Дегенмен, бұл факт оның өмірбаянында мәңгілікке қайғылы ізін қалдырыпты.

Осы уақыт ішінде ол танымал журналдармен және альманахтармен ынтымақтастық жасай отырып, поэзия кітаптарын, ғылыми еңбектерін шығарып, белсенді шығармашылық кезеңінде күн кешкен. Бірақ  Жұмабаев өзінің мұғалімдік қызметін  де тастаған жоқ. Ол алдымен мектепте сабақ беруді жалғастырды, содан кейін педкурстар құрып, ол жерде жастарға жаңа тәлімгерлерді даярлаған, кейіннен Ташкент университетінде және Шығыс жұмысшыларының коммунистік университетінде Луначарскийдің ұсынуымен жұмысын жалғастырады. Оның оқытушылық қызметінің нәтижесі - "Педагогика"  деген іргелі еңбегі болды.

1923-1926 жылдары Жұмабаев Валерий Брюсов бастаған Мәскеу әдеби-көркемсурет институтында оқыды. Мәскеуде ол Лермонтов, Кольцов, Бальмонт, Мережковский, Всеволод Иванов, Мамин-Сибиряк, Горький, Блок шығармаларын, сондай-ақ Гете мен Гейне өлеңдері мен поэмаларын аударуға өте қызығушылық танытты.

Мағжанның арманы Қазақстандағы барлық сөз шеберлерін біріктіру болатын, сондықтан әдеби институтты бітіргеннен кейін ол осындай ұйымды қалыптастыруға көп күш жұмсады. Ал сол кездегі билікке ойшыл қазақстандықтар одағы идеясын бастаған бұрынғы алаш ордасы бұқаға қызыл шүберек сияқты әрекет етіп тұрған-тын. Жас Кеңес өкіметіне қарсы тұратын ұлттық автономияның елесі партиялық функционерлердің мазасы кетірді.

Нәтижесінде Мағжан  алғашқы рет тұтқындалып,   "ұлтшылдық" үшін сотталып, лагерьлерде  ұзақ  уақыт болуы орын алған екен. Олардың қатарында атақты СЛОН – ерекше маңыздағы Соловецкий лагері бар. 1934 жылы ақын   талантын жоғары бағалаған Максим Горький мен оның жұбайының өтініші бойынша босатылады.

Өкінішке орай, жас қазақ әдебиетшісінің еркін өмірі ұзақ болған жоқ. Бір жарым жылдан кейін ол қайтадан қамауға алынады. Ресми ақпар бойынша, 1938 жылы 19 наурызда Мағжан Жұмабаевты НКВД атып өлтірді және ол қайтыс болғаннан кейін тек 33 жылдан кейін ғана ақталады. Осы уақыт ішінде оның адал жұбайы оның поэтикалық мұрасын жойылудан жасырып келген. Ақынның соңғы оңалтылуы 1988 жылы болған.

Жұмбақ оралу

1938 жылы Мағжанның оқтан қайтыс болуына бірінші болып оның әріптесі-танымал қазақстандық майдангер – жазушы Бауыржан Момышұлы күмән келтіреді. Оның әңгімесі негізінде Алдияр Әубәкіров ақынның "ойдан шығарылған" өлім жазасы туралы фактілерді зерттей бастады.

Момышұлы 1948 жылы Сібір лагерлеріне барып, олардың бірінде тұтқындардың арасынан азапталған қазақты көреді. Жазушы осы адамның жүзінен таныс бейнені көрген сияқты болып, онымен өз тілінде сөйлесе бастайды. Бастапқыда ол жауап қайтармай, қашқақтайды. Сонда  Бауыржан оған Жұмабаевтың өлең жолдарын оқып берген екен. Сол сәтте тұтқын оны бас салып, көзіне жас алып, құтқаруын сұрайды.   Осы  оқиғадан бір ай өткен соң Момышұлы лагерьге оралғанда, ол іздеген адам ағаш ағызу кезінде  қайтыс болды деп хабарланды. Жазушы өмірінің соңына дейін 1938 жылы өлтірілді деп, бірақ 1948 жылға дейін өмір сүрген Мағжанды көргеніне сенімді болып келген.

Тұтқын Жұмабаевтың жұмбақ оқиғасы мұнымен аяқталмайды.  Жақында Алдияр Ақылбекұлына  Мағжанды ресми қайтыс болған күнінен кейін көрдім деп мәлімдеген тағы бір куәгер туралы мәлім болды. Атырау облысының Құлсары ауылының тұрғыны жүз жастан асқан Абдолла Әбдірахманов  өзі  жаппай қуғын-сүргін салдарына тап болған кезде, 1951 жылдың суық таңында  Сусумандағы НКВД лагерінің бірнеше саяси тұтқындарының жерлеу рәсіміне қатысқанын есіне алады. Қайтыс болғандардың бірін ол Мағжан Жұмабаев деп таниды. Құрметті ақсақалдың естеліктеріне сәйкес, ақын азып,  құрқұлақ ауруынан қайтыс болған. Осының бәрін іздеу жұмыстарын жүргізіп жүрген кезде Алдияр Әубәкіров Абдулла Әбдірахмановтың өз аузынан естіген екен.

Бұл Мағжанның лагерьлерде қайтыс болу уақытының  мұрағатта жазылған ресми күннен 13 жыл өткен соң болғанын білдіре ме?

 

 

Тағдырды қиқымдардан жинай келе

Құлсары қаласында өткен кездесуден кейін Алдияр Әубәкіров Магаданға аттанады. Жергілікті мұрағаттардан ол қазақтың бақытсыз ақынының Колымск лагерлерінде қамауға алынғаны туралы еш ақпарат таппады.

Осыған қарамастан, жергілікті өлкетанушы – мұғалім Давид Райзман жазушыға тағы бір ақпараттың ұшын ашады. Ол адам Сібір мен Қиыр Шығыстағы лагерьлерде белгісіз түрде жойылған миллионнан астам тұтқындардың тағдырын анықтаған екен. Өкінішке орай, ол Мағжан Жұмабаевтың өлімі туралы ештеңе айта алмайды, бірақ өзінің  қалпақ киген қазақ азаматының  портретін сақтап қалған әріптесімен таныстырды (қазақтың ұлттық бас киімі –ред.еск.).  Сурет  лагерь казармаларының бірін бұзу кезінде табылған екен. Суретте автордың қолтаңбасы да бар - "Александр Белявский" деп тұр.

Алдияр Ақылбекұлы бұл суретті Абдолла ақсақалға  көрсетті.

- Егер қалпағын шешсе, бұл – құй қойған Мағжан, - деп мойындады ақсақал.

 Қайтадан үміттенген  Әубәкіров суретшіні іздей бастайды. Оның атымен қол қойылған жұмыстар Санкт-Петербургтің ірі антиквариат дүкендерінің бірінің сайтында табылды.  Уақытты жоғалтпастан, жазушы сол жерге барып, 1959 жылы қайтыс болған суретшінің мұрасын сататын портрет авторының ұлымен байланыс орнатты. Өкінішке орай, алынған нөмірге қоңырау шалу тергеу барысында жаңа ештеңе әкелмеді. Туысы Белявскийдің жұмысы Магаданнан табылғанына қатты таң қалды, өйткені ол суретшінің сонда болғанын білмейтін. Ал бір жылдан кейін Алдияр Әубәкіровтің Ленинград облысына сапары жоспарланған кезде, Белявскийдің ұрпағы күтпеген жерден қайтыс болады.

Іздеу жұмыстары тағы да тығырыққа тірелді, бірақ Алдияр Ақылбекұлы үмітін үзбей,  іздеу жұмыстарын  жалғастыру керек деп санайды. Бұл ретте ол облыстық балалар-жасөспірімдер кітапханасына  24 мамырда Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналған "Мен жастарға сенемін"  әдеби қонақ бөлмесіне келген болашақ филологтардың жас буынына, оның соңғы нүктесі әлі қойылмаған қайғылы және жұмбақ тарихын зерттеп-анықтайды деп сенеді. 

Мира Круль

Нравится
Смешно
Вау!
Печалька
Кошмарно
Не нравится

Также читайте