Қоғам белсенділері ШҚО-дағы жол жөндеу жұмыстарын бақылауға алмақ
«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің филиалы ШҚО-да жол жөндеу жұмыстарының сапасын жүйелі түрде тексеруге ниетті екенін мәлімдеді. Қоғам белсенділері қолға алған жұмыстарына қолдауды сезіну үшін азаматтарға да сенім артады. Бірлесе әрекет ету мақсатында оларды мердігер фирмалардың өз міндеттерін сапасыз орындау фактілері туралы хабарлауға шақырады, деп хабарлайды YK-news.kz тілшісі.
«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі 2020 жылдың қараша айында құрылды. Сол жылы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігімен жәрдемдесу туралы Меморандумға қол қойылды. РҚБ мақсаты – еліміздің қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасының «Әділдік» атты екінші тұғырнамасын қолдау, атап айтқанда, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтардан қорғау. Ұйымның ШҚО филиалы 2021 жылдан бастап жұмыс істейді.
«Әділдік жолы» РҚБ Шығыс Қазақстан филиалының басшысы Әділ Пшеновтың пікірінше, сыбайлас жемқорлықтың иісі мемлекеттік сатып алу саласынан жиі аңқиды. Жауапты тұлғалар мұны ең қорғансыз сала деп айтты.
– Біз өз қызметімізді мемлекеттік бағдарлама аясында үшінші жыл қатарынан су құбыры тартылған аудандардан бастадық, – дейді Әділ Пшенов. – Осы бастаманың бірегей екені сөзсіз, өйткені бұл ауылдардың кейбірінде су құбыры ешқашан болған емес. Бірақ біз су тартудың бұзушылықтар арқылы іске асып жатқандығын байқадық: бір жерде қысым жеткіліксіз; бір жерде судың сапасы төмен, лай, тұзды, тот немесе басқа қоспалар араласқан; бір жерде су жинағыш дұрыс жұмыс істемейді. Осы бұзушылықтар негізінде сыбайлас жемқорлықтың іздері байқалатындай. Бұған байланысты біз мемлекеттік сатып алу сайтын тексеруді бастаймыз. Осылайша, мердігер ұйымды анықтап, жоба мен салынған нысанның сәйкессіздігі бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы тексереміз.
Осы жылы Қазақстандағы жолдардың жағдайы еліміздің жоғары басшылығының жіті назарында болғандықтан, «Әділдік жолы» РҚБ жол жөндеу сапасы үшін бар күштерін жұмылдыруды жөн көрді. Үкіметтік емес ұйымның жергілікті филиалы қызметкерлері құрылыс және жөндеу жұмыстарының барысын тексеріп, бақылауды жоспарлап отыр.
– Біздің елімізде жаман үрдіс қалыптасқан, – дейді Әділ Пшенов. – Жол салуын салады, бірақ ары қарай оның күтімі мен жағдайы бақыланбайды. Егер күрделі жөндеу жүргізілсе, онда мердігер бес жылға кепілдік беруі керек. Егер осы кезеңде жолда шұңқырлар пайда болса, мердігер оларды жоюға міндетті. Ал бізде мемлекет екі жылдан кейін тағы да жөндеуге ақша бөледі. Келісім бойынша бұл жөндеу мердігердің ар-ұятына байланысты, ол сол кезде жабылып қалуы мүмкін немесе банкротқа ұшырайды. Осыған байланысты Президент бастамашылық еткен реформаларды іске асыру шеңберінде біздің ұйым бірінші кезекте автожол саласына назар аудармақ. Бұл әлеуметтік маңызы бар өзге салаларды назардан тыс қалдыру дегенді білдірмейді, тек дәл қазір бар назарды жол жөндеуге аударғанды жөн деп санаймыз.
«Әділдік жолы» РҚБ басшылығының алға қойған негізгі міндеттерінің бірі – өңір жолдарын салу, жөндеу және қызмет көрсету кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау болып саналады.
– Әрине, бізге халықтың көмегі қажет, – деді филиал басшысы. – Облыс тұрғындары сапасыз жолдарды байқап, шағым өтініш-талаптарын жеткізулері үшін колл-орталық ұйымдастыру жоспарлануда. Онда бұзушылықтарды тіркейтін фотосуреттер мен бейнелер жолдауға болады: шұңқырлар, дұрыс салынбаған жиектер, кәріз люктерінің қауіпті қақпақтары, жол белгілерінің болмауы немесе тағы басқа жағдайлар.
Осындай белгі-бағдардан соң ұйым қызметкерлері сол жерге барады. Мемлекеттік сатып алу сайты арқылы кемшіліктер анықталған жағдайда, қоғам белсенділері мердігердің кім екенін және бұл нысан кепілдікте ме, жоқ па, соны анықтайды. Олай болса, мердігермен жұмыс істеу әрі қарай жалғасып, ол өз қаражаты есебінен кемшіліктерді жоюға міндетті. Егер кепілдік мерзімі өтіп кетсе, онда «Әділдік жолы» РҚБ жергілікті филиалының қызметкерлері жергілікті атқарушы органдардан жөндеу жұмыстарына қаражат бөлуді сұрайды. Бұл ретте ұйым полициямен және өңірдің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен бірлесе жұмыс істемек. Сонымен қатар, ол қандай да бір мемлекеттік органдардың еркінен тәуелсіз, өйткені ол мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарға қатыспайды және «ALTYN QYRAN FOUNDATION» қоғамдық қоры есебінен қаржыландырылады.
Жолды сапасыз жөндеу фактілері анықталған жағдайда облыс тұрғындары Өскемен қаласында орналасқан «Әділдік жолы» РҚБ жергілікті филиалының кеңсесіне Қазақстан көшесі, 71а мекен-жайы бойынша немесе 1463 жедел желі телефоны бойынша хабарласа алады.

