Өскеменде ҚР рәміздер күнін атап өтті

6 июня 2023, 9:32
Сейчас читают:

"ҚР Мемлекеттік рәміздері туралы" Конституциялық Заң 2007 жылғы 4 маусымда қабылданды. 2023 жылғы 4 маусымда таңертең Өскемендегі Тәуелсіздік монументінің жанында осы оқиғаның он алтыншы жылдығы атап өтілді. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтеру салтанатты рәсімі өтті. Жас мемлекеттік қызметкерлер өз мемлекетіне адалдық антын берді.

Мереке күні алтын күн бір түйір бұлтсыз ашық аспанның әрін келтіріп, дәл ҚР мемлекеттік туындағыдай жарқырап тұрды. Қатты ыстыққа қарамастан, 2021 жылдың желтоқсанында 19-шы шағын ауданда орын тепкен Тәуелсіздік монументіне 300-ге жуық адам жиналды. Салтанатты шараға Ұлттық ұлан жауынгерлері, жастар, қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Қазақ хандығының негізін қалаушылар Жәнібек пен Керей көк шыңнан ұрпақтарына көз жүгіртіп тұрғандай еді.

— Мен КШТ — да тұрамын, бірақ бұрын осы монументке  келген емеспін, — дейді Достық үйінің поляк этномәдени бірлестігінің өкілі Валентина Фрышко. — Бұл жерге  қандай әдемі ескерткіш қойылғанын да білмеппін. Осы жерге дәл мереке күні келгеніме қуаныштымын. Менің ойымша, біздің елде бәрі халықтың игілігі үшін жасалады. Бұл ескерткіш — біздің еліміздегі Тәуелсіздіктің бейнесі. Бүгін осы мерекеге  поляк ұлттық костюмімен келіп отырмын. Мен осы  ұлттың өкілі екенімді, бірақ Қазақстанда тұратынымды мақтан тұтамын.

Тәжік этномәдени орталығының төрағасы Алавидин Гадаев та осындай пікірде:

— Бүгін біз республикамыздың мемлекеттік рәміздер күнін атап өтеміз. Олар біздің абыройымыз бен адалдығымызды білдіреді. Барша қазақстандықтарды осы күнмен құттықтап, оларға денсаулық, ең бастысы — бейбіт аспан тілеймін.

Қазақстанның мемлекеттік егемендігін бейнелейтін рәміздердің құрметіне арналған салтанатты рәсім Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтеруден басталды. Ту көтерілген кезде қатысушылар әнұранды шырқады.

— Мемлекеттік рәміздер  — біздің ортақ үйіміздің мызғымас негіздерінің бірі, — деп атап өтті облыстық билік атынан тұрғындарды құттықтаған ШҚО әкімінің орынбасары Дархан Сапанов. — Оларда еліміздің терең мәні мен тарихы жатыр. Жаңа дәуірдегі өзгерістерді көрсете отырып, олар халықтың даналығын, біздің ұмтылыстарымыз бен мақсаттарымызды бейнелейді. Мемлекеттік рәміздер - еліміздің халықаралық аренадағы мақтанышы және визит карточкасы. Бұл біздің ұлттық қазынамыз.

Мереке күні биыл ғана мемлекеттік қызметке кірген алты жас маман ерекше толқығаны анық. Тәуелсіздік монументі алдында  олар өз халқына адал болуға ант берді. Сырым Дарханұлы 2023 жылдың 4 қаңтарында ғана мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасында жұмыс істей бастаған екен.

— Бірінші кезекте мен үлкен жауапкершілік  сезінемін, — деп мойындайды жас жігіт. — Менің ойымша, мемлекеттік қызметші үшін ең бастысы – жауапкершілік, адалдық және еңбекқорлық.

Салтанатты антты оқығаннан кейін әрбір жаңадан келген шенеунік өзі қызметке кірген мемлекеттік орган басшысының қолынан куәлік алды.

 — Сырым Дарханұлы өз міндеттерін өте жақсы атқарады, — дейді ШҚО Мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі Кеңестің Төрағасы Нұрлан Еркебаев. — Әрине, алты ай — бұл әлі қысқа мерзім, бірақ ол өзін халыққа қызмет етуді ең жоғары бағалайтын қабілетті әріптес ретінде көрсетіп отыр. Бүгін біз ашық аспан астында салтанатты түрде ант қабылдауды ұйымдастырдық. Себебі ел туын ең алдымен мемлекеттік қызметшілер үлкен мақтанышпен алып келе жатқаны анық. Менің ойымша, салтанатты ант беру рәсімі үлкен жауапкершілікке ықпал етеді, өйткені жас мамандар осы антты жұртының  алдында беріп отыр.

Ирина Плотникова
Aото автордан

Нравится
Смешно
Вау!
Печалька
Кошмарно
Не нравится

Также читайте