ШҚО-да Абай күнін атап өтті
Тамыз айының 10-ы күні ұлы ақын, ойшыл, ағартушы, қазақ жазба әдебиетінің және әдеби тілінің негізін салушы – Абай күні атап өтіледі. Биыл хакімнің 177 жылдығына орай Шығыс Қазақстан облысында түрлі шаралар ұйымдастырылды.
Философ һәм аудармашы Абай Құнанбайұлының туған күні 2022 жылғы 4 тамыздағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес кең көлемде атап өтілетін мерекелік датаға айналды.
– Ұлы тұлғаның шығармаларындағы мән мен мазмұн әр кезде өзекті болып қала бермек. Дана Абайдың мұрасын мәңгі есте қалдыру және ұрпақтан ұрпаққа жеткізу үшін біз ақын мұражайы мен мемориалдық кешенін қалпына келтірдік. Бұл заманауи кешендерде Ұлы ағартушының шығармашылығымен танысып қана қоймай, ғылыми ізденістермен де айналысуға зор мүмкіндіктер жасалған. Бұл рухани даму мен кемелдену мерекесі болатынына сенімдімін. Қазақстандықтарды Абай күнімен шын жүректен құттықтаймын! – деді өңір басшысы Даниал Ахметов өзінің Инстаграм парақшасында.
Рухани-танымдық дүниелерді жаңғырту, бабалар рухына тағзым етіп гүл шоқтарын қою, ұлы ақынның өлеңдерін оқу және басқа да шараларды қолға жыл сайын күн тәртібінде тұрады. Өңірдің әр түкпірінде өнер, әдебиет сүйер қауым мен тарихты тереңінен зерделеп жүргендер де жылда белсенділік танытады. Осыған орай А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапханасында «Абай даналықтың дара шыңы» мәдени шараларының циклдық ашылуы өтті.
– Абай шығармашылығынан сыр шертіп, өмірінен ақпар беретін кітап көрмесін ұйымдастыру жоспарланды. Басқа да шаралар, айталық, сөзжұмбақ, викторина шешу, тоғызқұмалақ мен шахмат сайысының нәтижесін шығару, – деді А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапханасындағы жарнама бөлімінің маманы Гүлмира Махмеджанова.
Айта кетейік, тамыз айының 10 күні өңірдің әр түкпірінде, қалалар мен аудандарда өлең оқылып, ұлы ойшылдық қарасөздері жатқа айтылып, әндері шырқалды. Абай Құнанбайұлының өмір жолын көрсетететін қойылымдар сахналанды. Ал өлкетанушылар мен әдебиет мамандары түрлі конференциялар ұйымдастырып, философтың ойында жатқан әр сөйлемге жеке-жеке тоқталуға тырысты.


.jpg)
