ШҚО-да бірнеше жаңа мектеп ашылады
Бұл туралы облыс әкімі Даниал Ахметов мәлімдеді, деп хабарлайды YK-news.kz.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов ұстаздарды, оқушылар мен ата-аналарын Білім күнімен құттықтады.
– Бүгін облысымыздың 342 мектебі 95 мыңнан астам оқушыға өз есігін айқара ашып, оның 10 мыңға жуығы алғаш мектеп табалдырығын аттап отыр. Аймақта білім беру саласына үлкен көңіл бөлінуде. Атап айтсақ, барлық мектептерде ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, оқулықтардың толық жиынтығы бар және мектеп автобустары жұмыс істейді. Тиісті үйірмелер мен секциялар да іске қосылған. Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына оқу процесіне қажетті барлық заттар мен мектеп формасы толықтай сатып алынды, – деді ол.
Аймақ басшысының сөзінше, биыл өңірде бірден төрт жаңа мектеп қолданысқа берілмек. Атап айтсақ, Риддер қаласында, Ұлан ауданындағы Қасым Қайсенов кентінде, Күршім ауданындағы Ұрынхай мен Жолнұсқау ауылында.
– Өзге аудандарда да мектеп құрылысы жүргізілуде. ШҚО-да бір де бір үш ауысымды мектеп жоқ екенін атап өткім келеді. Биыл мектептердің барлығы бес күндік оқу аптасына ауысып, балалардың спортпен шұғылдануы мен хобби үшін екі толық демалыс күні болады. Осындай шуақты мереке күні оқушыларға сәттілік пен жоғар оқу үлгерімін, ұстаздарға шығармашылық шабыт тілеймін! Ата-аналар да әрдайым балаларына қолдау көрсетіп, жоғары көрсеткіштерге жете берулеріне тілектеспін, – деді Даниал Кенжетайұлы.
Риддерге келсек, Даниал Ахметов қалада тағы бір мектеп салуды тапсырды. Оның сөзінше, қазіргі қала әкімі Дмитрий Горьковой тұсында 30 ішінде болмаған құрылыс, яғни мектеп салынды.





