ШҚО-да Бұқтырма су қоймасының жағалауында демалыс аймағын құруға дайындық басталды
Жоба аясында Жаңа Бұқтырма ауылы ретке келтіріледі. Облыс әкімі оны абаттандыру бойынша нақты тапсырмалар берді деп хабарлайды YK-news.kz тілшісі
Аймақ басшысының ақпараты бойынша, бірінші кезекте жаңа Бұқтырмада стадионнан жағалауға дейін созылатын орталық аллеяның құрылысы қарастырылған. Онда серуендеу аймақтары, велосипед және жүгіру жолдары болады, бұрынғы орнында құрғақ бұрқақ ұйымдастырылады.
Сонымен қатар, ауылда жаңа сауда орталығы пайда болып, қоғамдық тамақтану жүйесі жаңғыртылады, тұрғындар мен туристер үшін демалыс және ойын-сауық орындары ұйымдастырылады. Барша жұртқа демалуға арналған үлкен жағажай ашу да жоспарда бар. Сондай-ақ, облыстық бюджеттен жергілікті ауруханаға күрделі жөндеу жүргізуге қаражат бөлінетіні хабарланды.
– Біз шығысқазақстандықтардың әлеуметтік инфрақұрылымды абаттандыру және дамыту жөніндегі қызықты ұсыныстарын тыңдауға дайынбыз, – деп атап өтті Даниал Кенжетайұлы.
ШҚО әкімі күзгі-қысқы кезеңде жаңа демалыс аймағының жобасы мен жобалау-сметалық құжаттамасы келісудің барлық кезеңдерінен өтуін тапсырды. Бұл жағдайда жұмыс келесі жылдың мамыр айында басталуы мүмкін.

