Өскемен қаласында халықаралық олимпиада жүлдегерін салтанатты түрде қарсы алды
8 мамыр күні түстен кейін Өскемен-1 стансасына Д.Менделеев атындағы Халықаралық Олимпиаданың қола жүлдегері мінген пойыз келіп жетті.
30 сәуір мен 7 мамыр аралығында еліміздің астанасында оқушыларға арналған химия пәні бойынша 57-ші Халықаралық Менделеев олимпиадасы өткен болатын.
Оған әлемнің 21 елінен 116 оқушы қатысып, білім сынасты. Біздің өңірімізден "Білім-инновация" Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған лицейінің 11 "а" сыныбының оқушысы, Қазақстан құрама командасының мүшесі Бекболат Мамырбеков қатысып, жоғары дәрежелі додада қола медаль жеңіп алды. Білімпаз жас Қазақстанның химия бойынша олимпиадалық құрама командасының резерв мүшесі және де оның болашаққа құрған жоспары да зор.
— Менің химияға деген қызығушылығымның нәтижесіне жоғары жоғары жетістікке жеттім, — дейді Бекболат Мамырбеков. — Мәселен, маған химиялық процестердің қалай жүретіндігін бақылау ұнайды. Мұғалімімнің де осы пәнге құлшынысымды арттырғаны рас. Жоспарымда олимпиадаларға қатысуды жалғастырып, болашақта химия бойынша басқаларға тәлімгер болғым келеді. Бұрын химия пәнінің мұғалімі болуды армандаса, бүгінде ел дамуына айтарлықтай үлес қосу үшін ол келешегін химиялық инженериямен байланыстыру мүмкіндігі туып отыр.
Алдағы уақытта Бекболат тағы да химия пәнінен жазда өтетін Халықаралық олимпиадаға қатыспақ. Аталған сайысқа іріктеу мамыр айының соңында өтеді, сондықтан білімге құштар жерлесіміздің дайындалуына уақыт тығыз. Дегенмен, мектеп-лицейдің оқушысы алаңдаудан гөрі, күнделікті химиямен айналысуды жөн санайды.
Атап өтерлігі, бұл жолғы қола медаль оның марапаттар қоржынындағы жалғыз медаль емес. Бекболат республикалық және халықаралық жарыстардың жүлдегері.
Республикалық олимпиадалар:
- 2021 жыл (9-сынып) - күміс медаль;
- 2022 жыл (10-сынып) - алтын медаль;
- 2023 жыл (11-сынып) - алтын медаль.
Халықаралық Менделеев олимпиадалары:
- 2022 жыл (10-сынып) – Ташкентте-қола медаль (Өзбекстан);
- 2023 жыл (11-сынып) – Астанада қола медаль.
"Туймаада" Халықаралық олимпиадасы (Якутия, РФ):
- 2022 жыл (10-сынып) - күміс медаль.
Бүгінгі таңда Бекболат бірнеше беделді ЖОО грантының иегері болып табылады, олар: Ulsan National Institute of Science and Technology (UNIST) (Оңтүстік Корея); Назарбаев Университеті (Астана); Шәкәрім атындағы университет (Семей).
— 11-сыныпта оқып жүріп-ақ, ҰБТ-ны тапсырмастан ол үш университетке оқуға түсті, — деп атап өтті "Білім-инновация" мамандандырылған лицейінің математика пәнінің оқытушысы, шетелде жоғары білім беру бойынша кеңесші Біржан Әуезов. — Бекболат биыл Кореядағы ең үздік азиялық жоғары оқу орындарының біріне түсті. Бұл оқу орнында ғылыммен және зерттеулермен айналысады. Бекболат өзін болашақта ғалым ретінде көреді және келешекте Отанына пайдасын тигізгісі келеді: біздің еліміз мұнай өндірумен айналысқанымен, бірақ бізде қайталама өндіріс жақсы дамымаған, сондықтан ол осы саланы дамытқысы келеді. Білімін тиянақты түрде арттыруының нәтижесінде ол жақсы көрсеткішке қол жеткізді.
Олимпиада жүлдегері оның ұстаздары мықты екендігін және де химиямен тұрақты айналысудың да жоғары жетістік кепілі екендігіналға тартты.
— Оның жетінші сыныптан бастап көрсеткіштері жоғары және биыл химия пәнінен Халықаралық олимпиадаға қатысуы мүмкін, бұл байқауға Қазақстанның ең үздік төрт оқушысы таңдалады, — деп толықтырды биология пәнінің мұғалімі және жергілікті олимпиадалардың кураторы Ербол Нұрмағанбетов. — Ол іріктеуден өтіп, жоғары нәтиже көрсетеді деп үміттенеміз. Өйткені, Бекболат химиямен күнделікті айналысады және өзінен кіші оқушыларға көмек қолын созуға қашан да дайын.


