2024 жылы ШҚО-да жасөспірімдер арасында босанудың 50 жағдайы тіркелді
Облыстың бас акушер-гинекологы Марат Көксегеновтің айтуынша, 2023 жылмен салыстырғанда босанған жасөспірімдер саны өзгерген жоқ. Бірақ кәмелетке толмағандар арасындағы түсік түсіру саны 20-дан 14 жағдайға дейін азайған.
Облыс әкімінің отбасылық және гендерлік саясат мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Зарина Камасова жүкті жасөспірімдерге деген көзқарас толерантты бола бастағанын атап өтті. Егер бұрын мұндай қыздар мектептен шығарылса, бүгінде олардың құқықтарын қорғауға тырысады. Бірақ соған қарамастан, ерте жүктілік және ерте жыныстық белсенділік жағдайлары болашақта репродуктивті денсаулық проблемаларына әкелуі мүмкін болғандықтан алаңдаушылық тудырады.
— Өткен жылы облысымызда 13 жасар қыздың жүктілігі тіркелді, — деді Зарина Айдарханқызы. — Ең қолайсыз жағдай Риддер, Шемонаиха және Алтайда байқалады. Сондықтан, біз 12 мамырда бүкіл ел бойынша басталған репродуктивті денсаулық апталығы аясында мамандарымыздың сапарларын ең алдымен осы қалаларға жоспарладық. Жасөспірімдер арасында репродуктивті денсаулық, ерте жыныстық өмірге және жүктілікке байланысты қауіптер туралы ақпараттандыру, түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Бұл жұмысқа ата-аналар мен мұғалімдердің белсенді тартылуы өте маңызды.
Репродуктивті денсаулық апталығы аясында ШҚО-да ақпараттық-ағарту іс-шаралары, денсаулық орталықтарында ашық есік күндері, жасөспірімдер мен жастарға арналған тегін медициналық тексерулер мен кеңестер өтуде.
Өңірде 14 жастан бастап жасөспірімдер мен жастарға арналған бес жастар денсаулық орталығы (ЖДО) жұмыс істейді. Жасөспірімдер бұл орталықтарға ата-аналары мен қамқоршыларынсыз құпия түрде жүгіне алады. Бұл туралы ШҚО бас репродуктологы, гравидаралды дайындық жөніндегі үйлестіруші Надира Сләмханова айтты.
— Егер жасөспірімдер жыныстық өмір сүріп жатқан болса ЖДО-дан контрацепция және жыныстық жолмен берілетін инфекциялардан қорғау әдістері бойынша ақпарат, кеңес алуға болады, — деп нақтылады Надира Сләмханова.
Өскемендегі ЖДО мекенжайлары:
- "Отбасылық амбулатория" (Грузинская көшесі, 7);
- "Вита-1" ЖШС (Шәкәрім даңғылы, 156);
- "Денсаулық" ЖШС (Буров көшесі, 53);
- №1 емхана;
- №2 емхана.
ЖДО-да қабылдауды психологтар мен акушер-гинекологтар жүргізеді, оларға тіркелген жеріне қарамастан жүгінуге болады.