Шығыс Қазақстан облысы ЖОО-да жасанды интеллект агенттерін енгізу бойынша чемпион
Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Шығыс Қазақстан облысының халқымен кездесуінде мәлім етті.
Сондай-ақ Саясат Нұрбек атап өткеней, еліміз әлемде бірінші болып жасанды интеллект бойынша курстарды жоғары оқу орындарының бағдарламаларының міндетті бөлігіне айналдырды.
Қазақстанның жоғары оқу орындарына нейрожелілермен жұмыс және ЖИ-мен жұмыс істеудің базалық дағдылары бойынша курстар 2025 жылы енгізілді. Бүгінгі таңда аталған курстардан 650 000 студент өтті. Оның алғашқы нәтижелері де бар: 119 ЖИ агенттері жасалды. Жасанды интеллект негізінде оқытушылардың сандық көмекшілері мен аватарлары әзірленді.
— Жасанды интеллект біздің бүкіл өмірімізді өзгертеді, — деді Саясат Нұрбек. — Біз алдыңғы өнеркәсіптік революцияларға қарағанда әлдеқайда ауқымды болатын іргелі технологиялық революцияның табалдырығында тұрмыз. Мүмкін, мұны әлі барлығы түсінбеген шығар, бірақ қазірдің өзінде үлкен өзгерістер еніп жатыр, сондықтан біз бұл сәтті жіберіп алмауымыз керек екені жайында ойландық. Ал қазір мен Қазақстан ЖИ бойынша курстарды жоғары білім беру бағдарламаларының міндетті компонентіне айналдырған әлемдегі бірінші ел болды деп ресми түрде айта аламын. Қазіргі уақытта мұндай бағдарламалар басқа елдерде де енгізіле бастады.
Ғылым және жоғары білім министрінің айтуынша, ЖИ-мен жұмыс істеуді оқыту жөніндегі бағдарламалар Қазақстан мектептерінде де енгізіледі. Жасанды интеллект біздің өмірімізге түбегейлі еніп жатыр және қазіргі ұрпақ осы жағдайда өмір сүретін болады, сондықтан әрбір адамның ЖИ-мен жұмыс істей білуі қажет.