Самар ауданы: инвестицияның өсуі, туризмнің дамуы және тұрғындар үшін жаңа мүмкіндіктер
Самар ауданында 2025 жылдың 9 айының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары шығарылды. Аудан әкімі Серік Жеңісұлы Жеңісовтың айтуынша, өңір өнеркәсіптен бастап ауыл шаруашылығы, туризм және әлеуметтік салаға дейінгі негізгі бағыттар бойынша тұрақты өсім көрсетіп отыр.
Өнеркәсіп және инвестициялар.
Өңдеу өнеркәсібінде айтарлықтай өсім байқалды — өндіріс көлемі 1,4 млрд теңгені құрады (өткен жылмен салыстырғанда 185,7%). Құрылыс жұмыстарының көлемі 5,4 млрд теңгеге дейін ұлғайып, негізгі капиталға тартылған жеке инвестициялар 5,5 млрд теңгеге жетті.
Агроөнеркәсіп және мелиорация.
Ауданда суармалы жерлерді дамыту жұмыстары белсенді жүргізілуде: 2025 жылы 500 гектар жер айналымға енгізілді, ал алдағы уақытта тағы 582 гектарды іске қосу жоспарлануда. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 347,5 млн теңге субсидия және 572 млн теңге көлемінде несие берілді.
Туризм — экономиканың жаңа драйвері.
Самар жағалауы Шығыс Қазақстандағы ең танымал туристік аймақтардың біріне айналды — 2025 жылдың жазында ауданды шамамен 50 мың турист келіп тамашалады. Қазіргі уақытта жағажай аумақтарын абаттандыру, инфрақұрылымды дамыту және жаңа демалыс нысандарын салу жұмыстары жүргізілуде.
Самар ауданының «Туризм және инвестициялар орталығы» КММ құрылып, Сарыбел ауылында заманауи қонақүй салу жөнінде халықаралық Pana Asia компаниясымен меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ Бұқтырма су қоймасының жағасында серуен аймағын салу жобасы дайындалуда.
Әлеуметтік сала және жұмыспен қамту.
Ауданда халықты қолдау және жаңа жұмыс орындарын ашу жұмыстары жалғасуда. 9 айда 298 адам жұмыспен қамтылды, 12 тұрғын өз ісін ашу үшін 18,9 млн теңге көлемінде грант алды. 61 отбасы атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылған, көпбалалы отбасылар мен мүгедектігі бар азаматтарға арналған бағдарламалар жүзеге асырылуда.
Инфрақұрылым және абаттандыру.
2025 жылы Самар ауданында 9,2 км жол жөнделді, су құбырлары желілерін қайта жаңарту және тұрғын үй салу жұмыстары жүргізілуде. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы мен «Бір қабатты Шығыс» бастамасы аясында бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Болашақ жоспарлар.
2026 жылға ірі жобалар жоспарланған: жаңа қазандық, кәріз-тазарту құрылыстарын салу, жағалауда «Арбат» туристік аймағын дамыту, Мәдениет үйі мен аудандық маңызы бар жолдарды қайта жаңарту.
Самар ауданының әкімі Серік Жеңісұлы Жеңісов атап өткендей, жүргізіліп жатқан жұмыстың басты мақсаты – халықтың өмір сүру сапасын арттыру, бизнесті дамыту және тұрғындар мен қонақтар үшін қолайлы орта қалыптастыру.
«Самар ауданы – өсім, инвестиция және жаңа мүмкіндіктер аймағы. Біз қол жеткізген нәтижелерді нығайтып, өңірдің тұрақты дамуы үшін барлық жағдай жасай береміз», – деді аудан әкімі.


