ШҚО-да Қазақстандағы жалғыз лецитин өндірісі ашылды
Терең өңделген өнім биыл Глубокое ауданының Предгорное ауылындағы «Altyn Shyghys» май зауытында шығарыла бастады. Мұндай өндіріс Қазақстанның басқа өңірлерінде жоқ.
Шығыс Қазақстан облысында күнбағыс бұрыннан бері өсіріліп келеді. Одан май алынып, ал қалған шрот мал шаруашылығында жем ретінде пайдаланылады. Майды терең өңдеу арқылы лецитин сияқты қосылған құны жоғары өнімдер алуға болады. Лецитин бүгінде әртүрлі тағам өнімдерін (майонез, маргарин, кетчуп, тез дайындалатын сорпалар, кондитерлік өнімдер), сондай-ақ дәрі-дәрмек, косметика, резеңке, құрама жем өндіруде және басқа да салаларда кеңінен қолданылады. Терең өңделген жаңа өнім жергілікті нарықта жоғары сұранысқа ие, сонымен қатар оның экспорттық әлеуеті де зор.
— «Altyn Shyghys» ЖШС ірі май экстракциялау зауыты жылына 4000 тоннаға дейін лецитин шығара алады, — деп хабарлады ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ажар Каджибекова.


