ШҚО-да тұрғындар аурухананың жағдайына шағымданды
Тұрғындар әлеуметтік желі арқылы Шемонаиха аудандық орталық ауруханасындағы жұқпалы аурулар бөлімшесінің аянышты жағдайы туралы хабарлады.
Өңір басшысы Нұрымбет Сақтағановтың тапсырмасымен ауданға әкімнің бірінші орынбасары Жақсылық Омар жұмыс сапарымен барды. Оның айтуынша, аурухана ғимараты 1970 жылдары салынған және көптен бері жөндеуді қажет етеді. Жаңарту жұмыстары бүгінгі таңда басталып кеткен.
«Қазір аудандық аурухананы толығымен күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Сонымен қатар барлық техникалық мәселелер Денсаулық сақтау министрлігімен келісіліп жатыр», – деп хабарлады Жақсылық Омар.
ШҚО әкімдігі мен «KAZ Minerals» компаниясы арасындағы келісім аясында келесі жылдың басында жаңа жұқпалы аурулар бөлімшесінің құрылысы басталады. Құрылыс кезінде науқастар уақытша басқа бөлімшеге ауыстырылатын болады.
«Сондай-ақ мұндай жағдайлардың орын алуына жол бермеу үшін денсаулық сақтау басқармасына аудандардағы барлық жұқпалы аурулар бөлімшелері мен балалар стационарларын қайта тексеруді тапсырдым», – деді әкімнің орынбасары.
Елена Бредихина


