ШҚО-да жасөспірімдердің қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Qarzhy Sagshysy» білім беру жобасы жалғасуда
2025 жылғы 1 желтоқсанда Қазақстанның барлық өңірлерінде, соның ішінде Шығыс Қазақстан облысында «Заң және тәртіп» нарративі және «Адал азамат» жобасы аясында жасөспірімдердің қаржылық сауаттылығын арттыруға және заманауи алаяқтық түрлерінен сақтандыруға бағытталған «Qarzhy Sagshysy» атты білім беру компьютерлік ойыны жалғасуда.
Ойын 1–15 желтоқсан аралығында облыстағы мектептердің 10-11 сынып оқушыларын және колледж студенттері арасында өтеді. Жоба AML Academy және ҚР Қаржылық мониторинг агенттігімен ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен әзірленген.
«Qarzhy Sagshysy» — оқушылардың қаржылық сауаттылық, киберқауіпсіздік, цифрлық гигиена, жеке және әлеуметтік жауапкершілік дағдыларын дамытуға бағытталған интерактивті 2D форматтағы білім беру өнімі.
Ойын құрылымы төрт оқу модулінен тұрады: қаржылық тәуекелдер, киберқылмыс, психологиялық қауіптер және қауіпсіз мінез-құлық үлгілері. Оқушылар қаржы пирамидалары, дроп-карталар, фишинг, телефон және интернет алаяқтары, жалған сайттар, эмоциялық манипуляциялар сияқты қауіптерді тануды үйренеді, сондай-ақ жеке деректерді қорғау және ресми ақпарат көздерін дұрыс пайдалану дағдыларын меңгереді.
Ойын қорытындысы бойынша аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі жеңімпаздар анықталып, 22–31 желтоқсан аралығында үздік қатысушылар дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталады.
Ұйымдастырушылар — ШҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті қызметкерлерінің айтуынша, жасөспірімдердің қаржылық сауаттылығын арттыру — алаяқтықтың алдын алудың және жастардың цифрлық ортадағы қауіпсіз мінез-құлқын қалыптастырудың маңызды тетігі болып табылады.


