Шығыс Қазақстан референдумда жоғары саяси мәдениетін көрсетті

4 часа назад
Сейчас читают:
Шығыс Қазақстан референдумда жоғары саяси мәдениетін көрсетті Шығыс Қазақстан референдумда жоғары саяси мәдениетін көрсетті
Шығыс Қазақстан референдумда жоғары саяси мәдениетін көрсетті

Шығыс Қазақстан облысында жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі республикалық референдумда дауыс беру сәтті аяқталды. Орталық референдум комиссиясының мәліметінше, өңір тұрғындары жоғары азаматтық белсенділік танытты - сайлаушылардың 86,42%-ы дауыс беруге қатысып, бұл көрсеткіш республика бойынша ең жоғары нәтижелердің бірі болды.

Осылайша, аймақ халқы Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларға деген сенімін паш етті. Көпшілігі бүгінде мемлекеттік саясат азаматтардың өмір сапасына тікелей әсер ететін нақты өзгерістерге бағытталғанын айтуда. Бұл өңірде жүзеге асырылып жатқан нақты жобалар мен бастамалар арқылы да көрініс тауып отыр.

Соңғы бір жыл ішінде Шығыс Қазақстанда инфрақұрылымды дамытуға және тұрғындардың өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған бірқатар маңызды жобалар іске асырылды. Ауылдарда коммуналдық мәселелер жүйелі түрде шешіліп келеді. Мәселен, Топқайың ауылында ауызсуға қатысты түйткіл түйінінің тарқатылуы тұрғындар үшін көптен күткен жаңалық болды. Бұл елді мекен халқы үшін тұрмыс сапасын жақсартып, қауіпсіз әрі жайлы өмір сүруге жасалған маңызды қадам.

Өңірде спорт инфрақұрылымы да қарқынды даму үстінде. Бозанбай және Таврия елді мекендерінде заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешендері ашылды. Аталған нысандар балалар мен ересектерге спортпен айналысуға және белсенді демалыс өткізуге барлық мүмкіндік жасап, салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал етеді.

Жол саласында да елеулі өзгерістер байқалады. Өңірдегі маңызды жолдардың бірі – Өскемен-Риддер жолын жөндеу жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар Осинов асуын айналып өтетін жол құрылысы аяқталуға жақын. Көп жыл бойы Шығыс Қазақстанның көлік жүйесіндегі ең күрделі жобалардың бірі саналған бұл жол пайдалануға берілгеннен кейін жол қауіпсіздігі мен көлік қатынасының қолайлылығы айтарлықтай жақсара түспек.

Әлеуметтік салада да оң өзгерістер бар. Өңірде жаңа мектептер салынып, балабақшадағы кезек жойылды. Елді мекендерде заманауи медициналық нысандар ашылып жатыр. Риддер қаласында жаңа көпсалалы аурухана кешені өз жұмысын бастады, ал Өскеменде өңірдегі ең ірі медициналық нысандардың біріне айналатын Гематология орталығының құрылысы аяқталуға таяу.

Бұл өзгерістердің барлығын облыс тұрғындары өз көздерімен көріп-біліп отыр. Сондықтан да мемлекеттік саясаттың басты назарында адам, оның әл-ауқаты, қауіпсіздігі және болашаққа деген сенімі тұрғаны жөніндегі пікір жиі айтылуда.

Айта кету керек, Шығыс Қазақстанда референдумға дайындық екі айға жуық уақыт бойы жүргізілді. Жаңа Конституция жобасы 12 ақпанда жарияланғаннан кейін өңірде ауқымды ақпараттық-түсіндіру науқаны басталды. Өңірлік штаб жұмысына 500-ден астам адам, жүздеген ерікті мен қоғам белсенділері қатысты. Олар тұрғындармен, еңбек ұжымдарымен, мәслихат депутаттарымен және түрлі әлеуметтік топ өкілдерімен кездесулер өткізіп, ақпараттық материалдар таратып, Ата заңға ұсынылып отырған өзгерістерді жан-жақты түсіндірді.

Үгіт-насихат материалдары қаладағы көшелер мен даңғылдарда, сауда орталықтарында, қоғамдық көліктерде және адам көп жиналатын басқа да орындарда орналастырылды. Штаб мүшелері әр тұрғынға ақпарат жеткізуге тырысып, қойылған сұрақтарға жауап беріп, ел болашағына қатысты ұсыныстарды талқылады.

Сонымен қатар референдумға дайындық ірі қоғамдық шаралармен қатар жүрді. Мәселен, 28 ақпанда Maxi Mall сауда-ойын-сауық орталығында «Жастар таңдауы – жаңа Ата Заң» атты live-концерт өтті. Оған шамамен 12 мыңға жуық адам жиналды. Көрермен алдында танымал әншілер Еркін Нұржанов, Sadraddin және Мирас Жүгінісов өнер көрсетті. Ал келесі күні өткен «Балықшы Fest» балық аулау фестивалі мыңдаған әуесқой балықшының басын қосты.

Облыс орталығы тұрғындары үшін тағы бір маңызды оқиға - әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға жаңа пәтерлердің кілтін табыстау болды. Наурызнама онкүндігіндегі Көрісу күні - Амал мерекесімен тұспа-тұс келген салтанатты шара көптеген отбасы үшін талай жыл күткен ерекше сәт, оң өзгерістердің және болашаққа деген сенімнің символы болды.

Дауыс беру күні сайлау учаскелері штатты режимде жұмыс істеді. Тұрғындар дауыс беруге отбасыларымен, әріптестерімен, тіпті бір көшенің тұрғындары болып бірге келді. Сайлаушыларға ыңғайлы болу үшін қоғамдық көліктерде тегін жол жүру ұйымдастырылды.

Талай жерде ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері, мәдени іс-шаралар өтіп, жылы әрі мерекелік атмосфера қалыптасты. Қонақтарға ұлттық тағамдар ұсынылып, әуелете ән шырқалып, концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды. Кейбір қатысушылар сайлау учаскелеріне түрлі-түсті костюмдермен, ертегі кейіпкерлері мен алып қуыршақтар образдарында келіп, ерекше көңіл күй сыйлады.

Дауыс беруге қоғамның түрлі топтарының өкілдері қатысты. Олардың қатарында көпбалалы аналар, еңбек ардагерлері, спортшылар, этномәдени бірлестіктер мүшелері, жұмысшылар мен қызметкерлер болды. Әсіресе ел болашағын қалыптастыратын жастардың белсенділігі ерекше байқалды.

Жалпы алғанда, Шығыс Қазақстан облысында референдум тыныш, ұйымдасқан түрде әрі азаматтардың жоғары қоғамдық белсенділігімен өтті. Дауыс беруге халықтың көптеп келуі өңір тұрғындарының бірлігін, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізіп жатқан реформаларына толық сенімі мен қолдауын, елдегі маңызды қоғамдық-саяси процестерге қатысуға дайын екенін көрсетті.

Шығыс Қазақстан кезекті рет азаматтық жауапкершілік пен саяси мәдениеттің жоғары деңгейін көрсетті. Өңір адамды - оның құқықтарын, әл-ауқатын және болашаққа деген сенімін басты құндылық ретінде сақтай отырып, алға қарай зор сеніммен қадам басып келеді.

Нравится
Смешно
Вау!
Печалька
Кошмарно
Не нравится

Также читайте