250 спортшы — цифрлық қауіпсіздікке 250 қадам: Риддерде ауқымды профилактикалық семинар өтті
2026 жылғы 6 сәуірде Риддер қаласында киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімшесінің қызметкерлері полиция бөлімімен бірлесіп, облыстық мамандандырылған олимпиада резервіндегі мектеп-интернат-колледжінің тәрбиеленушілеріне арналған ауқымды профилактикалық семинар өткізді.
Игі шараға тек оқушылар ғана емес, сонымен қатар олардың жаттықтырушылары, оқытушылар мен ата-аналар да қатысты. Жалпы алғанда, кездесуге 250-ге жуық адам жиналды.
Жиынның негізгі мақсаты — жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және жасөспірімдердің интернет кеңістігіндегі заңсыз әрекеттерге, оның ішінде қылмыстық істерге тартылуының алдын алу болды. Жиында әсіресе «дропперлік» мәселесіне, яғни ұрланған ақшалай қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру және аудару схемаларына қатысудың қауіптілігіне ерекше назар қойылды.
Өскемен қаласы Полиция басқармасының киберқылмысқа қарсы іс-қимыл жөніндегі жедел уәкілі, полиция капитаны Ақбота Бауыржанқызы қатысушыларға азаматтарды әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы алаяқтық схемаларға тарту тетіктерін егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Қаскөйлердің «оңай табыс» табу желеуімен жастардың қалай тартылғаны және оның соңы ауыр қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ашып айтты.
Ал банк карталары мен жеке деректерді үшінші тұлғаларға беру азаматтарды автоматты түрде қылмысқа сыбайлас ететінін ескертті.
Семинар аясында интернет-алаяқтықтың ең көп таралған түрлері мен олардың басты белгілері талқыланып, кибершабуылдардан қорғанудың практикалық ұсыныстары берілді. Бұған қоса, діни экстремизмге қарсы іс-қимыл мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Теолог маман деструктивті ағымдардың арбау әдістерін нақты мысалдармен баяндап, жастарды ғаламтордағы ақпаратқа сыни тұрғыдан қарауға шақырды.
Ашық диалог форматында өткен кездесуде қатысушылар мамандарға көкейкесті сұрақтарын қойып, толыққанды жауаптар алды. Оқу орнының басшылығы болашақ чемпиондарды тәрбиелеуде тек физикалық дайындық емес, сонымен қатар жоғары құқықтық мәдениет пен цифрлық қауіпсіздік дағдыларын қалыптастырудың маңызы зор екенін атап өтті.
Осындай профилактикалық кездесулер өңірде алдағы уақытта да жалғасады — полиция жастармен ашық жұмысқа ерекше назар аударып, өсіп келе жатқан ұрпақтың заманауи қауіп-қатерлерге төзімділігін қалыптастырып, заңға деген құрметті нығайтуды мақсат етеді.


