ШҚО әкімі Премьер-министрге өрт қаупі жоғары кезеңге дайындық туралы баяндады
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновке өңірдегі өрт қаупі жоғары кезеңге дайындық барысы туралы баян етті. Аймақ үшін бұл мәселенің маңызы су тасқынына қарсы шаралармен бірдей деңгейде екені атап өтілді. Бұл орман қоры аумағының ауқымдылығына байланысты.
Шығыс Қазақстан облысының жалпы аумағы 9,7 млн гектарды құрайды. Оның 3 млн гектары орман қоры болса, соның ішінде 1,7 млн гектары орманмен көмкерілген. Осыған орай, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету - экожүйені сақтау мен халық қауіпсіздігін қорғаудағы басты міндеттердің бірі.
Соңғы үш жылда өңірде жалпы аумағы 707 гектарды қамтыған 117 орман және дала өрті тіркелген. Өткен жылы 204 гектар аумақта 27 өрт болды. Биыл өрт қаупі жоғары кезең ресми түрде 13 сәуірден басталады.
Қазіргі таңда облыста қажетті күштер мен құралдар толықтай жасақталған. Өрт сөндіру жұмыстарына шамамен 3,5 мың адам жұмылдырылуға әзір. Олардың қатарында ТЖД, орман шаруашылығы мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың қызметкерлері бар. Мыңға жуық техника, 5 мыңнан астам өрт сөндіру құралы және жағдайды бақылауға арналған 45 ұшқышсыз ұшу аппараты сақадай сай.
Орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында соңғы жеті жылда облыстық бюджеттен 2,6 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, 97 техника сатып алынған. Бұған қоса, өткен жылы Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы лизинг негізінде 3,5 млрд теңгеге 122 автокөлік алынды. Олардың қатарында өрт сөндіру автоцистерналары, тракторлар және шағын өрт сөндіру кешендері бар.
Өрттерді ерте анықтау жүйесін дамыту аясында 9 орман шаруашылығында бақылау мұнараларын орнату үшін 90 нүкте белгіленді. Бұл жобаның болжамды құны - 13 млрд теңге. Құрылыс-монтаждау жұмыстары жуырда басталмақ.
Әуеден бақылау жүргізу үшін Қазавиақұтқару ұйымын тарта отырып, 794 ұшу сағаты қарастырылған. Сонымен қатар өңірде «Авиациялық бөлімше» коммуналдық кәсіпорны жұмыс істейді, ол әсіресе таулы және жетуі қиын аймақтарда жедел әрекет етуге көмектеседі. Бұдан бөлек, орман күзеті қызметкерлері мен Қазавиаорманқорғау десантшыларының қатысуымен мобильді топтар құрылды. Олар көп жағдайда өрт ошақтарына бірінші болып жетеді.
Өңірде жанар-жағармай қоры да жеткілікті деңгейде жасақталған: 95,5 тонна дизель отыны және 106,6 тонна жанармай қоры бар. Алдын алу шаралары ретінде минералданған жолақтар жүргізіліп, ескерту тақтайшалары орнатылып, халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аймақ басшысының айтуынша, өрт қауіпсіздігі мәселесі ерекше бақылауда. 8 сәуір күні Шығыс Қазақстанда биылғы алғашқы дала өрті тіркеліп, 10 гектар аумақта болған тілсіз жау дер кезінде оқшауланып, толықтай сөндірілген.
«Өрт қаупі жоғары кезеңге дайындық біз үшін су тасқынына қарсы шаралар сияқты маңызды. Орман қорының ауқымын ескере отырып, барлық қызметтердің жоғары дайындық деңгейін қамтамасыз етуге және кез келген қауіп-қатерге жедел әрекет етуге міндеттіміз», — деп атап өтті облыс әкімі.


