ШҚО-да 2026 жылы жеті мектеп пен төрт балабақша салынады
Сонымен қатар өңірде 42 білім беру нысаны жөнделіп, 35 пәндік кабинет жабдықталмақ.
Бұл туралы ШҚО білім басқармасының басшысы Қуат Оқасов айтып берді.
Риддерде 600 орындық мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Оқу орнының ғимараты «Казцинк» компаниясы бөлген демеушілік қаражат есебінен салынып жатыр. Қуат Оқасов атап өткендей, жұмыстар қарқынды жүргізілуде, осыған қарағанда құрылыс мерзімінде аяқталып, осы жылдың 1 қыркүйегінде оқушылар жаңа мектептің табалдырығын аттайтын болады.
Оффтейк-келісімшарттар аясында 550 орындық 6 мектептің құрылысы жүргізілуде. Марқакөл мен Зайсан аудандарында екі мектептен, ал Самар мен Күршім аудандарында бір мектептен салынып жатыр. Олар 2026 жылы пайдалануға берілуі тиіс.
Оған қоса биыл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 1000 орындық төрт балабақша құрылысы жүріп жатыр.
– Күрделі және ағымдағы жөндеумен осы жылы 42 білім беру нысанын қамтитын боламыз, оның ішінде 25 мектеп, 10 балабақша, 4 колледж, 2 балалар үйі және бір қосымша білім беру нысаны бар, – деп хабарлады Қуат Барысұлы. – Сондай-ақ химия, физика, биология, STEM және робототехникаға арғалған 35 пәндік кабинетті жаңа жабдықтармен қамтамасыз етеміз.
Өскемендегі № 3 мектепте физика, ал № 9 мектепте биология пәнінің кабинеттері жаңа жабдықтармен қамтылмақ. Риддердегі № 14 мектепте және Зайсандағы Абай атындағы мектепте биология кабинеттері жаңартылатын болады.
Глубокое ауданында STEM кабинеттерімен биыл № 1 Белоусовка мектебі мен Прогресс ауылындағы мектеп жабдықталады. Басқарма басшысының айтуынша, STEM кабинетінің өзіндік құны 14,5 миллион теңгені құрайды.
Жаңартылған кабинеттер Катонқарағай, Күршім, Тарбағатай, Шемонаиха, сондай-ақ Алтай, Самар, Марқакөл және Үлкен Нарын аудандарындағы білім беру мекемелерінде де пайда болмақ.


