ШҚО-да көлеңкелі экономикамен күрес күшейтілді
ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі көлеңкелі экономика саласындағы қылмыстарды анықтау, жолын кесу және тергеп-тексеру бойынша дәйекті жұмыс жүргізуде. Бұл ретте азаматтардың қаражатын заңсыз қаржылық схемаларға тартуға жол бермеуге бағытталған алдын алу шараларына ерекше назар аударылады.
ШҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Тимур Мұқановтың айтуынша, осы жұмыс аясында агенттік Binance халықаралық криптобиржасымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат қылмыстық жолмен алынған, сондай-ақ кірістерді заңдастыру және терроризмді қаржыландыру үшін пайдаланылатын виртуалды активтерді анықтау және бұғаттау үшін криптоактивтер айналымы және ақпарат алмасу саласындағы өзара іс-қимылды көздейді.
2025 жылы ел бойынша заңсыз криптоайырбастаушылардың 22 кеңсесі жабылды және криптовалюталарға қатысы бар 1100-ден астам онлайн-сервис бұғатталды.
Сонымен қатар Binance биржасының базасында сот үкімі шыққанға дейін қылмыстық кірістерді орналастыруға мүмкіндік беретін арнайы криптоәмиян ашылды. Кейіннен бұл қаражат тәркіленіп, мемлекет кірісіне айналдыруға жатады.
– Сондай-ақ өткен жылдың қыркүйегінде Қылмыстық кодекске дропперлік үшін жауапкершілікті күшейтетін 232-1-бабы енгізілді, – деп атап өтті Тимур Мұқанов. – Бұл бап банктік деректемелерді үшінші тұлғаларға беруге, сондай-ақ олардың нұсқауы бойынша сыйақы үшін төлемдер мен аударымдар жүргізуге тыйым салады.
Жаңа нормаға сәйкес дропперлердің де, олардың банктік карталарын сатып алған немесе аударымдар үшін басқалардың шоттарын пайдаланған тұлғалардың да әрекеттері қылмыс болып танылады.
Мұндай схемаларға қатысқаны үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлікті тәркілеу жазасы қарастырылған.
Спикердің айтуынша, 2025 жылы ШҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті қаржы пирамидаларына қатысы бар 481 сілтемені, онлайн-казиноға және басқа да құмар ойындарға қатысты 591 сілтемені, криптоайырбастау пункттеріне қатысты 121 сілтемені бұғаттаған.


